Астанада 300-ге жуық қазақстандық Дүниежүзілік қар күнін мерекелеуге қатысты
АСТАНА. 21 қаңтар. ҚазАқпарат - 2013 жылдың 20 қаңтарында Астанада алғаш рет Дүниежүзілік қар күні атап өтілді.
Осы күні аталған мерекелік шараға қатысушылар қармен түрлі ойындар ойнап, шаңғы теуіп, мұз айдындарында сырғанады. Бұл туралы Шаңғы жарыстары федерациясының баспасөз қызметінен хабарланды.
Дүниежүзілік қар күнін мерекелеу шарасына осымен екінші жыл қатарынан Халықаралық шаңғы спорты федерациясы бастама жасап келеді. Шараның мақсаты қысқы спорт түрлеріне қалың бұқараның қызығушылығын арттыру, жастарды салауатты өмір салтына көптеп тарту болып табылады. Ал Қазақстанның астанасында өткен шараны Шаңғы жарысы федерациясы «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-ның демеушілігімен жүзеге асырды. Дәл осы күні астанамен бірге Дүниежүзілік қар күнін Ресей, Швейцария, Финляндия, Норвегия, Венгрия, Жапония секілді әлемнің 39 елі атап өтті.
Атаулы күн аясындағы басты шара кішкене балалардан бастап, қарияларға дейін жаппай қатысқан шаңғы жарысы болды. Оның ішінде 1 және 5 жас аралығындағы шаңғышылардың «baby-спринт» жарысына қатысушылар 25 метрге жүріп өтіп, қыздар арасында Иманғажина Томирис пен Сағатбек Аружан жеңімпаз атанды. Сонымен қатар, балалар арасындағы спринт жеңімпаздары: Дарья Терещенко (2004 жылға дейін туған қыздар арасында) және Илья Герасименко (2004 жылға дейін туған ұлдар арасында), Ксения Шевчук (2002-2003 жылы туған қыздар арасында), В. Герасименко (2002 2003 жылдар аралығында туған ер балалар арасында) жеңімпаз атанды.
Ал айналма жарыстардың қорытындысы бойынша бірінші орында Раушан Молдахметова мен Артём Миронюк (1994-1995 ж.т.), Айғаным Жұмағұлова мен Рүстем Көпербаев (1996 -1997 ж.т), Дарья Людвиг пен Владимир Червонный (1998 -1999 ж.т.) өзара бөлісті.
Жеңімпаздар ұйымдастырушылар тарапынан бағалы сыйлықтармен марапатталды.