Астанада 322 аутизмі бар бала көмек алу үшін кезекте тұр

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Астанада 322 аутизмі бар бала көмек алу үшін кезекте тұр. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Маржан Қайырбаева мәслихат жиынында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Астанада 322 аутизмі бар бала көмек алу үшін кезекте тұр

«Қалада екі оңалту орталығы, төрт психологиялық-педагогикалық коррекция кабинеті және аутизмге шалдыққан балаларды қолдауға арналған орталық жұмыс істейді. Оңалту орталықтарында орта есеппен жылына 500-600 ерекше білім беру мұқтаждығы бар бала, оның ішінде мүгедек балалар да психологиялық-педагогикалық көмек алады. Аутизмге шалдыққан балаларды психологиялық-педагогикалық қолдау және түзету орталықтарының әдеттегі қолдау кабинеттерінен айырмашылығы дәрігер-невропатолог, дәрігер-оңалтушы, мейірбике-массажист, емдік дене шынықтыру мамандары қызмет көрсететінінде», - деді әкімдік өкілі.

Сондай-ақ, ол аталған мекемелердің қызметіне қанша адам мұқтаж екенін атады.

«Аутизмі бар балаларға қызметтер психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссиялардың қорытындысы бойынша көрсетіледі. Тіркеу алынған 1017 баланың 472-сі бағдарлама бойынша көмек алып, аяқтаған. Қазір 82 бала курс алып жүр. Кезекте 322 бала тұр. Оның 137-сі 3 жасқа жетпеген балалар», - деді Маржан Қайырбаева.



Фото: kaz.elorda.info