Астанада 4 тонна насыбай жойылды

АСТАНА. KAZINFORM - Атырауда өткен құрылтайда Мемлекет басшысы жастардың насыбайға әуес болып, денсаулықтарына зиян тигізіп жатқанын айтқан болатын.

Четыре тонны ранее изъятого насвая утилизировали в Астане
Фото: Данира Искакова / Kazinform

Бұл ретте, Астанада зиянды қалдықтарды жою жөніндегі мамандандырылған машинада бұрын тәркіленген 4 тонна насыбай жойылды. Акцияны елорда әкімдігі мен жергілікті полиция департаменті бірлесіп ұйымдастырды.

18 наурыздан бастап елордада шегілмейтін темекі өнімдерін тәркілеу жөніндегі уәкілетті органдар бірлесіп, арнайы рейдтер жүргізуде.

— Бүгін Астана әкімдігі полиция департаментімен бірлесіп, 4 тонна шегілмейтін темекі өнімдерін жою бойынша акция ұйымдастырды. Бұл қозғалыстың мақсаты - салауатты өмір салтын насихаттау және жаман әдеттерге деген теріс көзқарасты қалыптастыру. Астананың ғана емес, басқа өңірлердің жастарын бізге қосылуға және салауатты өмір салтын насихаттауға шақырамыз, — деді қалалық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Самат Ибраев.

Тәркіленген заттың барлық көлемі медициналық қалдықтарды кәдеге жарату үшін мамандандырылған машинада жойылды. Аталған акцияны өткізудің маңыздылығы туралы Астана қаласы мәслихатының депутаты, «Аманат» партиясының «Жастар Рухы жастар қанатының төрағасы Мағзұм Арсланбек те айтып берді.

Четыре тонны ранее изъятого насвая утилизировали в Астане
Фото: Данира Искакова / Kazinform

 

— Бұл акцияның негізгі миссиясы — жастардың мұндай заттарды тұтынуына тосқауыл қою. Жақында Ұлттық құрылтай өткенін бәріміз білеміз, оның аясында Мемлекет басшысы бірқатар өзекті мәселені, соның ішінде шегілмейтін темекі өнімдерін, вейптерді, синтетикалық есірткілердің қоғам дертіне айналғанын атап өтті. Бүгінде бұл мәселе әсіресе жастар арасында өте өзекті екенін естіп те, көріп те жүрміз. Себебі бұл вейпптерді негізінен 25 жасқа дейінгі жасөспірімдер мен жастар пайдаланады. Біз үшін бұл түйткілдің түйінін тарқату өте маңызды. Сондай-ақ, бұл акцияға тұрғындарды бей-жай қарамауға шақырамыз, - деді халық қалаулысы.

Оның айтуынша, елордада тыйым салынған темекі қоспасымен белсенді күрес жалғаса бермек.

- Төрт тонна — бұл өте үлкен көлем, бірақ біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. Бұл рейдтер жүйелі түрде жалғасады. Жастарға күнделікті қолданатын өзге пайдалы, тиімді нәрселер бар екенін қарапайым тілде түсіндіре алатын қоғамдық көшбасшыларды да тартатын боламыз. Осы акция аясында зиянды заттарды жойып қана қоймай, жастардың спорттық өмірге белсенді қатысуы үшін бұқаралық спорт түрін дамытуға бағытталған бірқатар іс-шара жоспарланып отыр, —деді Мағзұм Арсланбек.

Акцияға бар әлемге «алып күш» иесі ретінде танылған, ҚР Туризм және спорт министрлігінің ресми елшісі Сергей Цырульников те қатысты.

— Біздің жастарымыз аталған зиянды заттарға тәуелді болып барады. Мұндай акциялар біздің жаман әдеттерге төзбейтінімізді анық көрсетеді. Біз жастарды дұрыс жолмен тәрбиелеуіміз керек. Жаман әдеттерді спортпен шұғылдану және басқа да пайдалы дағдылар сияқты дұрыс әдеттермен алмастыруымыз қажет. Бірақ, ең алдымен, жастарымыздың психологиялық тәрбиесіне назар аудару маңызды. Бұл — тек отбасының ғана емес, жалпы мемлекеттік мәселесі. Жастармен түсіндіру жұмыстары жүйелі жүргізілуі тиіс, —деді ол.

Соңғы жаңалықтар