Астанада 40-тан астам елдің министрлері климаттың өзгеруінің салдарын жеңілдету мәселелерін талқылайды
АСТАНА. Қыркүйектің 15-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Ағымдағы жылғы қыркүйектің 27-сі мен қазанның 2-сі аралығында Астанада Азия және Тынық Мұхиты аймағы өңірлері қоршаған ортаны қорғау министрлерінің VI конференциясы өтеді. Оған әлемнің 40-тан астам елінен өкілдер қатысады. Бұл туралы бүгін Астанадағы баспасөз мәслихатында Қоршаған ортаны қорғау вице-министрі Елдана Сәдуақасова айтты.
Оның сөзіне қарағанда, конференцияда төмен көміртекті даму, климаттың өзгеруіне бейімделу, климаттың өзгеруінің салдарын жеңілдету, «жасыл экономиканы» және «жасыл бизнесті» құру мәселелері талқыланатын болады. Сонымен қатар, шараның күн тәртібіне жаңартылатын энергия көздері жобасының энергетикалық тиімділігі сынды бірқатар маңызды мәселелер енгізіліп отыр. Сондай-ақ, конференция аясында басқа да шаралар, мәселен қоршаған ортаны қорғау жөніндегі жобалар мен технологиялардың жетістігі жөніндегі көрме, семинарлар, тренигтер, дөңгелек үстелдер, тақырыптық сессиялар, сектораралық форумдар ұйымдастырылады.