Астанада 44 елдің өкілдері мемлекеттік қызмет трендтерін талқылап жатыр
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада Астана мемлекеттік қызмет хабының мемлекеттік қызметті жетілдіруге арналған дәстүрлі халықаралық конференциясы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Биылғы жиын «Тұрақты даму мақсаттарындағы мемлекеттік қызметті жетілдіру» тақырыбына арналып отыр.
«Дәстүр бойынша, мемлекеттік қызметті дамытудың өзекті мәселелерін талқылауға 44 мемлекеттен уәкілетті орган басшылары мен сарапшылар жиналды. Жыл өткен сайын қатарымыз толығуда, әріптестіктің сапасы да жаңа деңгейге көтірілуде. Аймақтық деп аталатын хаб шын мәнінде жаһандық сипатқа ие болды. Бұл жетістіктер Астана хабы қызметінің өзектілігін көрсетумен қатар, болашақ мүмкіндіктерін де айқындап отыр. Бүгінгі пікір алмасу біздің ортақ ісімізге соны серпін беретініне сенімдімін», - деді Астана мемлекеттік қызмет хабының басқарушы комитет төрағасы Әлихан Байменов конференцияның ашылу салтанатында.
Комитет төрағасының айтуынша, соңғы бес жылда астаналық хаб ЭЫДҰ, Еуропалық одақ, Америка мемлекеттік басқару қоғамы сынды түрлі әріптестермен ынтымақтастық келісімін бекіткен.
«Хабқа қатысушы елдер арасында екі мыңнан астам мемлекеттік қызметшінің біліктілігін арттыру аясында 70-тен астам шаралар ұйымдастырылды. Мемлекеттік қызмет ұсыну бойынша кейстер, сыбайлас жемқорлықпен күрес, мемлекеттік қызметшілерді ынталандыру жөнінде 40-тан астам ғылыми жарияланымдар, сараптамалық материалдар жарық көрді», - деп түйіндеді сөзін Әлихан Байменов.
Оның айтуынша, бүгін панельдік сессиядан бөлек, хаб алаңында алғаш рет мемлекеттік басқару саласындағы танымал спикерлердің қатысуымен мемлекеттік қызметтегі озық технологиялар, ойлау жүйесін өзгерту және мүмкіндіктерді кеңейту тақырыбында Hub Talks дәрістері ұйымдастырылады.
Сондай-ақ, Электронды үкімет практиктері альянсы мемлекеттік қызмет саласындағы инновацияларға арналған тиімді әріптестік құру туралы семинар өткізеді.
Айта кетейік, Астана мемлекеттік қызмет хабы 2013 жылы мемлекеттік қызмет саласын дамытуда тәжірибе мен білім алмасу мақсатында көпжақты платформа ретінде құрылған болатын. Хабқа қатысушы елдер саны бес жылда 25-тен 40-қа дейін артты.