Астанада 5 институционалдық реформаны жүзеге асырудың 100 нақты қадамы талқыланды

Форум жұмысына өңірлерден келген өкілдер, ішкі саясат, мәдениет, жастар саясаты басқармаларының басшылары, Қазақстан халқы Ассамблеясының өңірлік хатшылықтарының меңгерушілері, жоғары оқу орындарының ректорлары, облыстық БАҚ жетекшілері, ғылыми-сараптамалық қауымдастық өкілдері қатысты.
Форум барысында бес институционалдық реформаны жүзеге асыру міндеттері мен тетіктері талқыға салынды.
ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Б. Майлыбаевтың айтуынша, әлеуметтік блок министрілктері, жергілікті атқарушы органдар және жалпы қазақстандық қоғам алдында қадам-қадаммен бес реформаны іске асыру және Ұлт жоспарында Елбасы жүктеген нақты мақсаттарға қол жеткізу міндеті тұр.
Мемлекет басшысы көрсетіп өткендей, еліміздің басты мақсаты әлемнің ең озық отыз елінің қатарына кіру және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің стандарттарына қол жеткізу болып табылады.
Б.Майлыбаевтың атап өтуінше, «Ұлт жоспары - 100 нақты қадам» қоғам өмірінің басты салаларын жаңғыртуға бағытталған.
15 қадам мемлекеттік апарат кәсібилігін арттыруға бағытталған.
19 қадам - сот жүйесі мен құқық қорғау органдарының жұмысын жаңғырту бойынша тиімді іс-қимылдар.
50 қадам - жаңа жоғары технологиялық экономикалық өсім мен адам капиталын дамытуды ынталандыратын, қазақстандықтардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған нақты әрі тура шешімдер.
6 қадам - жалпықазақстандық қоғам бірлігінің сәйкестігін, «Мәңгілік Ел» құндылықтары жүйесін дамытуды болжап отырған салмақты шаралар.
10 қадам «Ашық Үкімет» жұмысының механизмдерін, мемлекеттік органдардың ашықтығы мен есеп берушілігін, қоғамдық бақылау, азаматтық қатысуды күшейтуді жетілдіруді қамтамасыз етеді.
Кеңестің жұмысына Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары - ҚХА хатшылығының меңгерушісі Е.Тоғжанов, Білім және ғылым министрі А.Сәрінжіпов, Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы, ҚР Президенті жанындағы қазақстандық стратегиялық зерттеулер институтының директоры Е.Карин, ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің директоры Е.Бабақұмаров қатысты.
Шара соңында нақты тапсырмалар мен кеңестер берілді.