Астанада 5-қабаттан секірмек болған азаматты кім құтқарды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елорданың қалалық ішкі істер департаменті тұрғын үйлердің бірінің 5-ші қабатынан секірмек болған азаматты құтқарған полиция қызметкерінің аты-жөнін жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Аталған азаматты Алматы аудандық ішкі істер басқармасының аға жедел уәкілі, полиция капитаны Ербол Салықов құтқарып қалды», - деп атап өтті департаменттің баспасөз қызметінен.
Қызмеетін атқарып жүрген Ербол Салықов көпқабатты биік үйлердің жанынан өтіп бара жатып, 5-ші қабатта терезе жақтауында салбырап тұрған азаматты көрген. Оқиғаның қайғылы аяқталарын бағамдаған полиция қызметкері бірден бесінші қабатқа көтеріліп, пәтердің есігін қаққан. Алайда, есікті ешім ашпаған.
«Осыдан кейін ол есікті сындырмақ болды. Бірақ осы сәтте іштен әйел адам есікті ашты. Ол бірден бөлмеге жүгіріп кіріп, терезеде тұрған адамды ұстап алып, бар күшімен тартып ішке кіргізген. Жедел уәкілдің шұғыл әрекетінің арқасында қайғылы оқиға орын алған жоқ. Астана қалалық ішкі істер департаменті Ербол Салықовқа алғыс жариялады», - деді департаменттен.
Естеріңізге сала кетсек, біз бұған дейін Астанада тұрмыстық жанжал салдарынан ер адамның 5-қабаттан секірмек болғанын хабарлаған едік.