Астанада 5 жыл ішінде «Мектепке жол» акциясы арқылы 17 мың балаға көмек көрсетілген
АСТАНА. 1 тамыз. ҚазАқпарат - Бүгін еліміз бойынша оқушылардың мектепке баруын толық қамтамасыз ету туралы Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында,
ҚР Білім және ғылым министрлігінің бастамасы бойынша «Мектепке жол» жалпы республикалық акциясы басталды. Бұл туралы Астанадағы «Бәйтерек» халықаралық медиа-орталығында өткен баспасөз мәслихатында Астана қалалық балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі басқарма басшысы Римма Иманғазинова мәлімдеді.
Шараның мақсаты - оқумен қамтылмаған балаларды анықтау, жаңа оқу жылына дайындық кезінде табысы төмен және көп балалы отбасынан шыққан мектеп оқушыларына, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қолдау көрсету.
«Акция өткізілген 5 жыл ішінде Астана қаласында 17 мыңнан астам бала жалпы көлемі 149 млн-нан астам теңгеге материалдық көмек алған. Оның ішінде бюджет есебінен 12 мыңнан астам бала қамтылса, 5 мыңнан астамы бюджеттен тыс қаражаттан көмек көрген», - деп атап өтті Римма Иманғазинова.
Оның айтуынша, 2012 жылы 3 мыңнан астам мұғалімнің күшімен 98 мыңдай үй қамтылып, мектепке бара алмай қалған балалардың барлығына тиісті көмек көрсетілген.
«Қайта құрылған Астана қалалық балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі басқарма 36 мекемеге акцияға шақыру хаттарын жіберіп үлгерген. Бүгінде солардың 20-дан астамы шараға белсене қатысуға дайын екендіктерін білдіріп отыр», - деді ол.
Басқарма басшысы атап өткендей, биыл да жылдағы дәстүр бойынша Астананың орталық алаңында 24 және 30 тамыз күндері мектеп жәрмеңкесі өткізіледі. Онда мектеп формасы, кеңсе тауарлары, оқу құралдары қолжетімді бағамен сатылатын болады.
Сондай-ақ, қаланың алаңдары мен басты көшелеріне акцияның логотипі мен жедел желі телефондарының нөмірлері бейнеленген баннерлер ілінгендігі туралы айта келе, Р. Иманғазинова тұрғындардың осы байланыс желілері арқылы қандай да бір жағдаймен мектепке баруға мүмкіндігі болмай жүрген бүлдіршіндер туралы ақпарат беріп, оларға көмектесе алатындығын жеткізді.