Астанада 50 пайызға дейінгі жеңілдіктермен мектеп жәрмеңкесі өтеді
АСТАНА. 14 тамыз. ҚазАқпарат - 24 және 30 тамыз күндері Астана қаласының ескі орталық алаңында «Мектепке жол» атты жыл сайынғы алтыншы республикалық акциясы аясында мектеп жәрмеңкесі өтеді.
Бұл туралы astana.kz сайтына қалалық Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасынан хабарлады.
Биыл жәрмеңкеге Астана, Алматы, Қарағанды және Шымкент қалаларынан 28 кәсіпкер қатысады. Акция барысында мектеп формалары, оқулықтар, түрлі кітаптар, сөмкелер, кеңсе заттары, мектепке арналған аяқ киімдер мен киім-кешектер және тағы басқалары сатылады.
Мектеп формаларын 50 пайыз, ал мектепке арналған жазу құралдарын 30 пайыз төмендетілген бағамен сатып алуға болады. Сонымен қатар аталмыш алаңда жәрмеңке күндері Оқушылар сарайының, музыка, өнер мектептері тәрбиеленушілерінің қатысуымен концерттер ұйымдастырылады.