Астанада 55 жыл бұрын салынған ескі мектептің жанынан жаңа ғимарат бой көтеруде

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада ескі мектептерді кеңейту жұмысы қарқынды жүріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Астанада 55 жыл бұрын салынған ескі мектептің жанынан жаңа ғимарат бой көтеруде

Бұл жайында шаһар басшысы Алтай Көлгінов Instagram парақшасында мәлімет таратты.

«55 жыл бұрын салынған екі мектепке бардым. Оның бірі – №23 орта мектеп (Өндіріс тұрғын алабы). Оқу орнының жобалық қуаты – 350 орын. Бұл мектепке Мемлекет басшысы барып, жаңа мектеп салуды тапсырған болатын. Қазіргі оқу орны аумағында жаңа бес қабатты мектеп салып жатырмыз. Ол тағы 1200 оқушыны екі ауысымда қабылдай алады. Яғни, жаңа мектеп қазіргіден екі есе үлкен болады. Бұған қоса №25 орта мектеп (ескі вокзал ауданы) директоры және мұғалімдерімен кездестім» деп жазды әкім.

Оның айтуынша, ескі вокзал маңында тағы бір мектеп салу мәселесі қарастырылады. Себебі сұраныс бар әрі бұл аудан – елорданың халық ең көп тұратын ауданы.

«Биыл 2019 жылмен салыстырғанда екі есе көп мектеп салдық. Барлығы - 12 мектеп. Сондай-ақ, бұрын мектебі болмаған тұрғын алаптарында да салынды. Көктемнен бастап 2021 жылға дайындалдық. Енді шағын мектептерден үлкен мектептер құрылысына көшеміз» дейді Алтай Көлгінов.

Келесі жылы 20 мың орындық (екі ауысыммен - 40 мың орын) мектептер салынады деп жоспарланған.

Бұл - оқушылар орны 2020 жылдан екі есе, ал 2019 жылдан 4 есе көп болады деген сөз.