Астанада 6 миллионнан астам гүл отырғызылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл жазда елорда көшелерінде 6 миллионнан астам гүл отырғызылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ауа райының қолайсыздығына байланысты көгалдандыру жұмыстары жылдағыдан кеш басталуда. Қазір көгалдандырушылар мен ландшафт дизайнерлері қызу жұмыс үстінде.
Гүл өсіріп, баптауда 15 жылдық тәжірибесі бар Мария Царева өз сөзінде: «Астананың салқын ауа райында гүлдерді сақтау мен қорғау ерекше күтімді талап етеді. Жаздық гүлдер үшін басты қажеттілік күн шуағы, сондықтан гүлдерді таңдауда елорданың ауа райын ескеріп, жауын-шашынға төзімді түрлерін таңдаймыз», - деді.
Мамандардың айтуынша, Қазақстанға гүлдер негізінен Еуропа елдерінен жеткізіледі және көбісі бір мезгілдік. Сонымен қатар жыл сайын әртүрлі гүл түрлерін отырғызу тәжірибесі қолға алынған. Астана жылыжайында виола, тагетес, цинерария және тағы басқа 80 түрлі гүл дайын тұр.
Көгалдандыру мен гүлдерді арнайы образға келтіруде жүздеген адамның өлшеусіз еңбегі жатыр. Биылғы жылы 120 мыңнан аса шаршы метр жерді көгалдандыру жұмыстары жоспарланып отыр. Көгалдандырушы Мәриям Рубаева: «Біз таңғы 7-ден жұмысқа шығамыз, әр көгалдандырушының өзінің жауапты учаскесі бар, отырғызып болған соң, күтіп-баптау жұмыстарымен айналысамыз», - дейді.
Қазір мамандар Астананың 20 жылдық мерейтойына арналған ландшафт дизайндарының соңғы дайындық жұмыстарын жүргізуде.
«Ландшафт жасауда образдармен қатар, көлемі және басқа гүлдермен сәйкестігі, онымен қоса орналасатын жері ескеріліп, есептеледі», - деп атап өтті Ландшафт шеберлігі жобасының жетекшісі Гүлнұр Имамбекова.
Астана мерейтойына арналған қаланы көгалдандырудағы үлкен сыйдың бірі ботаникалық бақтың ашылуы деп күтілуде. Мамандар мереке қарсаңында қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше сый әзірлеп жатқандарын және әзірге оның құпия екенін айтты.