Астанада 6 сәуірде ҚХА төрағасының орынбасары Олег Дымовпен қоштасу өтеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - 6 сәуірде Астанада Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары болып қызмет атқарған Олег Григорьевич Дымовпен қаралы қоштасу митингісі өтеді.
2016 жылғы 3 сәуірде ауыр науқастан кейін 70-ке қараған шағында Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, «Болгар мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Олег Дымов дүниеден өтті.
ҚХА баспасөз қызметі хабарлағандай, қаралы митингі таңертеңгі сағат 09.30-да М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрында (Астана қ., Желтоқсан көшесі, 11) өтеді.
Олег Григорьевич Дымов 1946 жылғы 4 желтоқсанда Павлодар облысы Краснокут ауданы Краснокутск ауылында дүниеге келді.
СОКП ОК жанындағы Мәскеу жоғары партия мектебін «Саясаттану», әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірді.
Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, «Қазақстанның болгар мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің мүшесі, Қазақстан Республиквасының еңбек сіңірген қайраткері болды.
Мемлекеттік қызметте 44 жыл, соның ішінде 14 жыл Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығында еңбек етті.
Ш және ІV сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болды.
Олег Григорьевич «Қазақстан жерінің жылуы», «Біз, Қазақстан халқы» кітаптарының, «Менің жүрегімнің пернесі», «Менің жан дүниемнің әуені» өлеңдер жинақтарының авторы, «Қазақстан халқы Ассамблеясы», «Қазақстанға қоныс аударылған халықтар», «Қазақстан халықтары» кітаптары авторларының бірі.
2005 жылы София қаласында (Болгария) Н.Ә.Назарбаевтың болгар тіліне аударылған «Сындарлы он жыл» кітабының таныстырылымын өткізді. 2007 жылы Болгарияда Олег Григорьевичтің «Біз, Қазақстан халқы» кітабы болгар тілінде жарық көрді.
Олег Григорьевич «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік марапатымен, 6 медальмен марапатталған, екі рет Мемлекет басшысының алғысхатына ие болды.