Астанада - 684 мың, Алматыда - 1 млн. 404 мың адам тұрады
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ә. Смайыловтың сөзіне қарағанда, Қазақстанның ірі қалаларындағы халықтың саны санақтың түпкілікті қорытындысы анықталған кезде белгілі болады. Дейтұрғанмен, Агенттікте халық саны жөнінде ағымдағы есептің, ағымдағы статистиканың деректері бар. 2009 жылғы санақтың қорытындысы бойынша, халықтың саны жөніндегі деректер ағымдағы есеппен 1 пайыз шегінде ажыратылады. Сондықтан, қандай да бір елді мекендегі халық саны жайлы айтқанда, ағымдағы есептің деректері айтарлықтай шынайы болып шығады.
Ә. Смайылов 1999 жылмен салыстырғанда еліміздің көптеген қалаларында халық санының өскенін атап өтті. «1999 жылмен салыстырғанда Астана қаласы халқының саны 2 еседен астамға өсіп, 2010 жылдың басында ағымдағы статистика бойынша 684 мың адамды құрады. Халық санағының кезекті қорытындысы алынғаннан кейін бұл сан әлі де нақтыланатын болады. Осы жылдың басында Алматы қаласындағы халықтың саны 1 млн. 404 мың адамды құрады және 1999 жылмен салыстырғанда 24 пайызға өсті», деді Агенттік төрағасы.
Оның сөзіне қарағанда, сондай-ақ Талдықорғандағы халық саны - 22 пайызға, Атырауда - 19 пайызға, Оралда - 12 пайызға, Шымкентте - 38 пайызға өскен. Ә. Смайылов сонымен бір мезгілде Қостанай, Петропавл, Өскемен қалаларында халықтың саны біршама азайғанын жеткізді. «Бұл ең алдымен аталмыш қалалардағы халықтың құрылымымен, ұлттық құрамымен байланысты. Халықтың бір бөлігі, соның ішінде славян ұлты, немістер өздерінің тарихи отанына қайтуын жалғастыруда. Ал, жалпы Қазақстан бойынша 2004 жылдан бастап сыртқы көші-қонның оң сальдосы байқалуда. Елімізден кетіп жатқандардың санынан, келіп жатқандардың саны көп», деді ол.
Ә. Смайыловтың айтуынша, тұтастай алғанда, Халық санағының деректерін ескергенде 2010 жылдың басында Қазақстан халқының саны - 16, 2 млн. адамға бағаланып отыр.