Астанада 7-қысқы Азия ойындары барысында 400-ден астам адамға медициналық көмек көрсетілді
Бұл туралы бүгін елордалық Денсаулық сақтау басқармасының кеңейтілген алқа мәжілісінен кейін журналистерге берген сұхбатында Басқарма бастығы Дәулетхан Есімов айтты.
Д.Есімовтің айтуынша, Азия ойындары кезінде қаладағы медициналық ұйымдар мен жедел медициналық жәрдем стансысының көмегіне жүгінгендердің басым дені спортшылар, олардың көмекшілері мен ойындарға арнайы шақырылған қонақтар болды.
«Негізінен науқастарда жедел респираторлық жұқпалар мен жарақаттанулар болды. Бірақ спорттық жарақаттар болған жоқ. Стационарға жатқызылған екі науқастың біреуінде жүрек қағысы нашарлаған болса, екіншісі соқырішек күдігімен түсті. Медициналық мамандардың қарауына жатқызылған науқастар - қазақстандық және ресейлік азаматтар», - деп нақтылады Басқарма бастығы.
Д.Есімовтың айтуынша, Азия ойындары барысында қала қорынан жұмсалған медициналық препараттардың орнын толтыру мақсатында және маусымдық тұмау мен жедел респираторлық жұқпаның кезекті толқынына даяр болу үшін, қала бюджетінің резервінен қосымша қаражаттар бөлінетін болады.