Астанада 7-нші Қысқы Азия ойындарына арналған ескерткіш монеталардың таныстырылымы өтті

АНА. 11 қараша. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін ҚР Туризм және спорт министрлігінде 2011 жылы Қазақстанда өтетін 7-нші Қысқы Азия ойындарына арнап шығарылған ескерткіш монеталардың таныстырылымы болды.

Астанада 7-нші Қысқы Азия ойындарына арналған ескерткіш монеталардың таныстырылымы өтті

Ойындарды ұйымдастыру комитетінің өтінімі бойынша Ұлттық банк үш түрлі бірегей шақаларды жасап шығарды: 5000 теңге номиналмен 225 дана күміс; 100 теңге номиналмен 999 сынамалы 8 мың алтын және 500 теңге номиналмен 13 мың күміс монеталар.

Естелік шақаларды жасап шығаруға Ойындарды ұйымдастыру комитеті 148 млн. теңге қаражат бөлді. Бүгін Қазақстанның Ұлттық банкі барлық монеталарды Ұйымдастыру комитетіне тапсырды.

«Бұл монеталардың бір бөлігі делегация мүшелеріне кәдесый ретінде беріледі, бір бөлігі сатылымға түсуі мүмкін. Түскен ақша ойындарды ұйымдастыруға мемлекеттен кеткен шығындардың орнын толтыруға бағытталатын болады», - деді 2001 жылғы 7-нші қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру комитеті атқарушы дирекциясының вице-президенті Абзал Әлібеков.

Сатылымға түсетін монеталардың бағасы металдардың құндылығына байланысты болады. А.Әлібековтың сөзіне қарағанда, олар өз құнынан екі есеге сатылуы мүмкін.

Айта кетейік, 5000 теңге номиналды күміс монетаның өзіндік бағасы - 158 мың теңге, 100 теңге номиналды алтын монета - 10 100 теңге және 500 теңге номиналды күміс монета - 6600 теңге тұрады.