Астанада 78 жастағы зейнеткерді ұрып, тонап кеткен қылмыскер ұсталды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті Патрульдік полиция полкінің қызметкеткерлері қарт адамды тонаған күдіктіні ізін суытпай ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Нұр-Сұлтан қаласы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Астанада 78 жастағы зейнеткерді ұрып, тонап кеткен қылмыскер ұсталды

Орын алған қылмыс жайында 78 жастағы зейнеткер полицияға хабарлаған. Қарт адамның айтуынша, түскі уақытта Бейсеков көшесімен үйіне қарай кетіп бара жатқан сәтте жас жігіт жүгініп, қай жерден түскі ас ішуге болатындығын сұраған. Ештеңеден күдіктенбеген зейнеткер қай жерден тамақтануға болатындығын түсіндіріп жатқан сәтте соққы алған. Күдікті қарт адамның ақша, құжаттар және екі ұялы телефон салынған қол сөмкесін тартып алып, белгісіз бағытта бой тасалаған. Жарты жолда қол сөмкеден ақша мен ұялы телефондарды алып, құжаттарды лақтырып кеткен.

«Елорданың полиция департаментінің Жедел басқару басқармасы қызметкерлерінің шұғыл іс-қимылының арқасында күдікті анықталды. Патурльдік полиция полкінің экипажы 30 жастағы жігітті қолға түсірді. Ұсталған азаматтың бұған дейін қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны анықталып отыр. Күдікті уақытша оқшаулағышқа қамалып, «Тонау» бабымен қылмыстық іс қозғалды», - делінген таратылған ақпаратта.