Астанада 8 автокөлік ұрлаған әккі тонаушы ұсталды - ІІД

АСТАНА. 14 желтоқсан. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Астанада бір жарым жылдан астам уақыт бойы автокөлік ұрлаумен айналысқан қылмыскер құрықталды. Бұл туралы бүгін брифингте Астана қалалық ІІД-нің Жол полициясы басқармасы жедел-іздестіру бөлімінің бастығы Елжан Шөпеков мәлім етті.

Астанада 8 автокөлік ұрлаған әккі тонаушы ұсталды - ІІД

7 желтоқсанда Астана қалалық ІІД-нің Жол полициясы басқармасы жедел-іздестіру бөлімінің қызметкерлері тергеу барысында автокөлік ұрлаушы күдікті әшкереледі. Күдікті 19 жастағы Ресей Федерациясының азаматы Тула облысының тұрғыны болып шықты. Қазір ол Ақмола облысы, Астанадан 100 шақырым жерде орналасқан Первомайка ауылында тұратын көрінеді.

«Астанада оның туған-туыстары тұрады. Ара-тұра ол сол туысқандарының үйіне қысқа уақытқа келіп-кетіп жүрген. Бір жарым жыл ішінде оған елорда көшелерінен 8 автокөлікті айдап әкетуге мүмкін болған», - дейді Е. Чупеков.

Бір айта кетерлігі, ұры тек ресейлік «ВАЗ» автокөліктеріне «маманданған» екен.

«Сәті түскенде кез келген уақытта дабылқаққышы жоқ көліктерді ашу үшін, ол өзімен бірге қайшы ұстап жүретін болған. Үйінде кішігірім ТҚС ашып қойған. Мүмкін сол жерде көліктерді ашуға дайындалып, ұрланған автокөліктерді қосалқы бөлшектерге айналдырып отырса керек», - деп атап көрсетті Е. Шөпеков.

Оның айтуынша, ұрының сайман өткізу арналары дұрыс жолға қойылмаған. Сол себепті ол саймандарды арзан бағамен сатуға мәжбүр болыпты.

Ұсталған күдікті бұрындары сотталмаған, ол ұрланған 8 автокөлік фактісі бойынша қылмысты өз мойнына алды. Егер сот оны кінәлі деп тапса, оған 5 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы берілуі мүмкін.