Астанада 8 елдің балалары түркілердің ұлттық ойындары бойынша күш сынасуда

АСТАНА. 15 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы Оқушылар сарайында түркі халықтарының «Дала баласыз, бала ойынсыз қалмасын» атты II халықаралық ұлттық балалар ойындары фестивалі басталды.

Астанада 8 елдің балалары түркілердің ұлттық ойындары бойынша күш сынасуда

Фестивальді «Астана күні» мерекесіне орай Оқушылар сарайы  мен «Юнус Эмре» түркі мәдени орталығы ұйымдастырып отыр. Ойын сайысына Македония,Түркия, Әзірбайжан, Башқұртстан, Ресей, Қазақстан және Қырғызстан мемлекеттерінің балалар командалары қатысуда. Алты түрлі ойын сайыстарына негізделген фестиваль үш күнге созылады. Фестиваль «Асық», «Шілдік», «Бес тас», «Тоғыз тас», «Ортаға түспек», «Жеті тас» ұлттық ойын түрлері бойынша өтпек. Естеріңізде болса, бұның алдындағы фестиваль 2011 жылы Алматы қаласында өткен еді.

 Оқушылар сарайының директоры Ұмсын Арқабаеваның айтуынша, аталмыш шараның басты мақсаты - түркітілдес халықтардың ұлттық ойындарын дамыту.

 «Жазғы демалыста балалар фестивальге қатысуға үлкен қызығушылық танытуда, жеңіске деген жігерлері жоғары. Біз өзіміздің тарихымызды, тамырымызды білуіміз керек. Сондықтан балалар бүгінгі фестивальден көп нәрсе алады», - дейді ол.