Астанада 8 наурызға арналған мерекелік концерттер өтеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана Опера» театрының Үлкен залында «Махаббат әні» атты Халықаралық әйелдер күніне арналған мерекелік концерт өтеді.
Театрдың опера солистері, хоры мен оркестрі әлемдік опера классикасынан ең жарқын да құштарлыққа толы лирикалық әрі жүректен түрлі ой салар арияларды, сонымен қатар қазақ, орыс, неаполитандық әндер мен романстарды орындайды. Концертке балет әртістері де қатысады, деп хабарлады қала әкімінің баспасөз қызметі.
Сүйкімді жандарға махаббат сезімі: Ж. Бизенің «Кармен» операсынан Эскамильо шумақтары, С. Гастольдонидің «Тыйым салынған әуені», Ж. Массненің «Севильянасы», М. Төлебаевтің «Біржан - Сара» операсынан Біржан мен Сараның және Л. Делибтің «Лакме» операсынан Лакме мен Маликаның дуэттері, сонымен қатар Ф. Легардың «Күлкі әлемі» опереттасынан Су-Чонгтың ариясы, С. Смирновтың «Бесік жыры», Естайдың «Құсни Қорлан», М. Ержановтың «Қуанамын» әндері арқылы білдіріледі.
В.А. Моцарттың «Сиқырлы флейта» операсынан Папагено мен Папагенаның әзілқой дуэті, Дж. Вердидің «Риголетто» операсынан Герцогтың әйгілі әні, көктем әндеріне және неаполитандық - «Тарантелла», «Маританна», «Скажите девушки», «Гордая прелесть осанки», «Влюблённый солдат» әндеріне жасалынған попуррилер көрермендердің көңіл-күйін әбден көтереді.
Кеш бағдарламасын балет әртістері де өз шеберлігімен әсерлендіре түседі. Олардың орындауындағы «Баядерка» балетінен Үнді биі, Дж. Вильямстың «Жоғалған жұмағы» сияқты нөмірлер көрермендерді шаттыққа бөлейді.
6 наурызда «Астана Опера» театрында А. Жұбанов пен Л. Хамидидің «Абай» операсы, «Жастар» сарайында Мәскеу оперетта театрының орындауындағы «Брызги шампанского» мюзиклі көпшілік назарына ұсынылады, ал М. Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры «Қар патшайымы» ертегісін көрсетеді.
7 наурызда мерекелік іс-шаралар аясында «Жастар» сарайында JasArt балалар эстрада театрының таныстырылымы өтеді.
Халықаралық әйелдер күні Конгресс-холлда «Көктем шақырады» атты концерт өтеді. Бұл күні М. Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрында «Смешанные чувства» мелодрамасын және Қуыршақ театрында «Су перісі» ертегісін тамашалауға болады.