Астанада 9 елдің әскери оркестрлері музыкалық шоу ұсынады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елорда күні мерекесінде «Астана мәдениет керуені» халықаралық әскери оркестрлер фестивалі өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Фестивальге Әзербайжан, Үндістан, Қытай, Пәкістан, Ресей, Түркия, Өзбекстан, Тәжікстан және Жапония Қарулы күштерінің әскери-музыкалық ұжымдары, сондай-ақ Қорғаныс министрлігінің, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің және Ұлттық ұланның әскери оркестрлері қатысады.
Қорғаныс министрлігі мен Астана қаласы әкімдігі ұйымдастырып отырған бұл шара мәдениетті дамытуға, бейбітшілік идеяларын ілгерілетуге және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.

«Әскери оркестрлер фестивалін өткізу туралы ұсынысымызға 8 ел қолдау білдірді. Бұл олардың бірегейлігін көрсетіп, танымал әуендер мен композицияларды орындау арқылы шығармашылық мүмкіндігін паш етуге жол ашады. Фестиваль қызықты өтетініне сенімдімін», – дейді Қарулы күштер Ұлттық әскери-патриоттық орталығының бастығы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арман Әсенов.
Фестиваль бағдарламасына сәйкес, 6 шілде күні сағат 19.00-ден 22.30-ға дейін Band Marathon өтеді. Есіл өзені жағасындағы жазғы амфитеатр сахнасында 500-ге жуық музыкант қатысатын 11 музыкалық ұжым өнер көрсетеді.

7 шілде күні сағат 21.00-де Астананың 5 алаңында әскери оркестрлер жарты сағатқа созылған «Перфоманс шоу» ұйымдастырады: ЭКСПО аумағында, «Бәйтерек» монументінде, «Хан Шатыр» сауда, ойын-сауық орталығында, орталық саябақта және ботаникалық бақта.
Іс-шаралар «Барыс Арена» көпбейінді мұз сарайында өтетін (басталуы сағат 12.00-де, кіру тегін) «Астана мәдениет керуені» гала-концертімен аяқталады. Онда Елорда қонақтары мен тұрғындары қызықты музыкалық-театрландырылған қойылымның куәсі бола алады. Концертте әскери, классикалық, халықтық және эстрадалық әуендер шырқалады. Бірлескен нөмірлер, оркестрлер дефилесі, сондай-ақ қарумен көрсетілімдік қойылымдар ұйымдастырылады. Бұл жылдың ең жарқын және есте қаларлық көріністерінің бірі болмақ.




