Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Астанада 9 тамыз күні Jüregımnıñ Jenımpazy фестиваліне байланысты жолдар жабылады

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада 9 тамыз күні жыл сайынғы Jüregımnıñ Jenımpazy жүгіру фестивалінің өтуіне байланысты қаладағы бірқатар көшеде көлік қозғалысына уақытша шектеу енгізіледі. 

Астанада 9 тамыз күні Jüregımnıñ Jenımpazy фестиваліне байланысты жолдар жабылады
Фото: Астана әкімдігі

Осыған байланысты елорда тұрғындары мен қонақтары қозғалыс бағытын алдын ала жоспарлауы қажет.

Сағат 07:00–ден 08:05–ке дейін Түркістан көшесімен Abu Dhabi Plaza ғимараты бағытына қарай бір жолақта көлік қозғалысы ішінара шектеледі.

Сағат 07:00–ден 07:40–қа дейін Ұлы Дала даңғылы жабылады.

Сағат 07:10–нан 09:15–ке дейін Ақмешіт көшесі бойымен Экспо алаңындағы мәреге дейінгі бағытта бір жолақта көлік қозғалысы шектеледі.

— Жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге қозғалыс бағытын алдын ала жоспарлауға кеңес береміз. Ауқымды шараға түсіністікпен қарауларыңызды сұраймыз, — делінген хабарламада. 

JÜREGIMNIÑ JEÑIMPAZY — Қазақстандағы ауқымды қайырымдылық жүгіру жарыстарының бірі. Осымен тоғызыншы рет ұйымдастырылып отырған бұл іс-шара мыңдаған қатысушыны адам өмірін сақтауға және трансплантологияны дамыту идеясының төңірегіне біріктіріп келеді. Фестиваль ағза трансплантациясын күтіп жүрген пациенттерге қолдау көрсетуге және қоғам назарын трансплантация мәселесіне аударуға бағытталған. 21 мамырдағы мәлімет бойынша, трансплантацияны күту парағында 4 739 қазақстандық тұр.

Биыл фестивальге қатысушылар мен қонақтардың жалпы саны шамамен 7 мың адам. Олардың қатарында медицина қызметкерлері, ағза трансплантациясынан өткен пациенттер, бизнес өкілдері, қоғам қайраткерлері, кәсіби спортшылар, жүгіруді әуесқой деңгейде серік еткен азаматтар және елорда тұрғындары бар.

Жүгіру ресми ашылу рәсімінен кейін сағат 07:00–де басталады. Қатысушылар 10 км, 3 км және 1 км қашықтықтар бойынша бақ сынайды.

Фестиваль алаңы сағат 05:30–да «Ұлы Дала Елі» монументі маңында жұмысын бастайды. 

Жарыс алдында қатысушылар үшін таңғы йога және кәсіби жаттықтырушылардың қатысуымен жалпы дене қыздыру жаттығулары ұйымдастырылады.

Фестиваль қонақтарын күні бойы аниматорлар мен аквагрим қызметі ұсынылатын балалар аймағы, фуд-корт, қазақстандық брендтердің жәрмеңкесі, серіктестердің интерактивті алаңдары, жедел медициналық тексеруден өтуге мүмкіндік беретін тегін медициналық чек-ап аймағы, сондай-ақ жүрек-өкпе реанимациясы тәсілдерін үйрету алаңы күтеді.

Орынхан, Мархаба Сәби, сондай-ақ Бүркіт пен Аиша концерттік бағдарламаның хедлайнерлері болмақ. 

Жүгіруге белгілі қоғам қайраткерлері, медицина қауымдастығының өкілдері, халықаралық ұйымдардың өкілдері және еріктілер қатысады. Олардың қатарында Heart Center Foundation қорының құрылтайшысы, UMC басқарма төрағасы, медицина ғылымдарының докторы Юрий Пя, қордың Қамқоршылық кеңесінің мүшесі Әлішер Елікбаев және басқа да танымал тұлғалар бар.

Жүгіру-фестиваль аясында жиналған барлық қаражат Трансплантацияны үйлестіру жөніндегі республикалық орталыққа, Қазақстандағы трансплантация орталықтарына, сондай-ақ кардиохирургия мен трансплантология саласындағы білім беру жобаларын дамытуға бағытталады.