Астанада 9 жасар баланы қағып кеткен Тараз қаласының тұрғыны ұсталды

АСТАНА. 10 қараша. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Астанада 9 жасар баланың өліміне әкеп соққан жол-көлік оқиғасын жасағаны үшін іздестіруде болған Тараз қаласының тұрғыны ұсталды. Полиция күдіктінің басқа да қылмыстарға қатысы барлығын анықтады.

Астанада 9 жасар баланы қағып кеткен Тараз қаласының тұрғыны ұсталды

Бүгін өткен брифингіде ҚР Ішкі істер министрлігі Тіл саясаты және ақпарат департаментінің жетекшісі Қуанышбек Жұманов мәлім еткендей, 29 жастағы тараздық, ІІМ Криминалдық полиция комитеті мен Жамбыл облысының ІІД Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру шарасы барысында қолға түсті.

«Күдікті ағымдағы жылғы наурыз айының соңында 9 жасар баланың өліміне әкеп соққан жол-көлік оқиғасын жасағаны үшін іздестіруде болған. Сонымен бірге оған үстіміздегі жылдың тамызында Тараз қаласында кәсіпкердің отбасына қарақшылық шабуыл ұйымдастырды деген айып тағылып отыр. Полицияның алдын ала деректері бойынша, күдікті бір топ адаммен полиция қызметкерлерінің киімдерін киіп, кәсіпкердің үйіне басып кірген. Үй иесі мен отбасы мүшелерін қарумен қорқытып, жалпы сомасы 15,5 млн. теңге болатын ақшалары мен алтын бұйымдарын иеленген», - деді ол.

Қ.Жұмановтың айтуынша, ағымдағы жылдың қыркүйек айының соңында Алматы қаласында өткізілген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері осы қылмыстың екі қатысушысын ұстаған.