Астанада А.Жұбановтың туғанына 105 жыл толуына арналған «Ғасырлар пернесі» атты музыкалық кеш өтеді
Кеш барысында Астана қаласы Мемлекеттік филармониясының әншілері, атап айтқанда ҚР еңбек сіңірген әртісі Ғалия Байғазинова, халықаралық байқаулардың лауреаттары Бибігүл Жанұзақ, Азамат Жылтыркөзов, Жанна Тапина, Ғани Бекмұрзаев, Татьяна Хасьянова және Бәтима Изенаевалар қазақтың маңдайына біткен заңғар композиторлар - Ахмет Жұбанов пен қызы Ғазиза Жұбанованың шығармаларын орындайтын болады.
Концертті сүйемелдеуші - Н.Тілендиев атындағы дирижерлар байқауының лауреаты Нұрлан Бекеновтың дирижерлік етуіндегі - Қазақ ұлт-аспаптар оркестрі.
ҚазАқпарат анықтамасы: Ахмет Қуанұлы Жұбанов (1906-1968) - қазақ музыкасын зерттеуші көрнекті ғалым, әйгілі композитор, дирижер. Ол халық күйлерін оркестрге лайықтап, нотаға түсірді және қазақ музыкасын күрделі аспаптық симфониялық шығармалармен байытты. Олар «Тәжік биі», «Қазақ билері», «Төлеген Тоқтаров», «Ария», «Вокальдік сюитасы», «Абай сюитасы» және тағы басқалар. Композитор ретінде қазақтың музыкалық мәдениетіне өзіндік мелодиялық өрнек қосқан ондаған ән мен күйдің, романстар мен хорлардың, аспаптық симфониялық және вокальдық шығармалардың авторы. А. Жұбановтың композиторлық шығармаларының көрнектілері Л. Хамидимен бірлесіп жазған «Абай» (1944) және «Төлеген Тоқтаров» (1947) опералары, қызы Ғ. Жұбанова аяқтаған «Құрманғазы» (1970) операсы. Қазақтың ұлттық өнерін дамытуға қосқан үлесі үшін Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағы берілді. Ленин және тағы да басқа ордендермен, медальдармен марапатталған.
Ғазиза Ахметқызы Жұбанова (1927-1993 жж.) белгілі композитор, КСРО Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор. Жұбанов Ахмет Қуанұлы ның отбасында дүниеге келді. Ол - "Еңлік-Кебек", "Жиырма сегіз", "Құрманғазы" және "Ғасырдан да ұзақ күн" шығармаларына, "Легенда о белой птице", "Хиросима", "Қаракөз", "Мадам Баттерфляй" балеттеріне, пьесалар мен кинофильмдерге арнап музыка жазды. Ғ.Жұбанова - әлемдік музыка сахнасында өзіндік орны бар композитор, әр шығармасыңда халқымыздың ұлттық құңдылықтарын қалыптастыра білген, тыңдарманының жүрегіне жол таба білген танымал сазгер.