Астанада Абай Құнанбаевтың әжесі туралы спектакль қойылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - 23-24 тамызда елордадағы Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының желісі бойынша «Зере» атты драманың премьерасын ұсынады.

 Астанада Абай Құнанбаевтың әжесі туралы спектакль қойылады

Ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ұлықбек Есдәулеттің жаңадан қойылған «Зере» драмасы көрерменді екі ғасырдың шегіндегі қазақ халқының тұрмысымен етене таныстырады. Автор кейіпкерлердің бейнесін жаңадан сипаттап, ұрпақтардың жадында қалған қазақ әйелдерінің ұлықтылығы мен жасампаздық күшін қуаттайды.

Алғашында спектакль бір отбасының өмірі туралы сияқты болып көрінеді, ал шын мәнінде онда сол кезеңдегі қазақ халқының өмірі сипатталады. Алып - анадан туады. Абайдың әкесі Құнанбайдың аға сұлтан болмас бұрын, жас шағында дана, мейірбан анасы Зереден алған тәлім-тәрбиесі тектіліктің нышанына айналады.

Зере - отбасы, ошақ қасындағы өктем бәйбіше ғана емес, елінің мұң-мұқтажын, қайғы-қасіретін, Ресей империясының қарамағында өткен дәуірдің қиындығын көре білетін дана, мейірбан ана.

Пьеса Қазақстанның Халық артисі Гүлжан Әспетованың сахнадағы 50 жылдық шығармашылығына орай жазылды. Қазақ театрының киелі сахнасына 1967 жылы алғаш Қарагөз болып қадам аттаған актриса бүгін, 70 жылдық мерейтойында алғашқы Зере ана образына жол ашып, ғұмыр сыйламақ.

Қойылымның қоюшы-режиссері - ҚР еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай, қоюшы суретшісі Берік Бурбаев.