Астанада Абай мұрасын ұлықтаған екі ғылыми еңбек таныстырылды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Астанада «The Wisdom of the Great Steppe – Abai Kunanbaiuly» және «Абай Құнанбайұлы: сипаттамалы библиографиялық көрсеткіш» атты қос бірдей ғылыми еңбектің таныстырылымы өтті.

Шараны, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Еуразия ғылыми-зерттеу институты, Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы және Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институты бірлесіп ұйымдастырып отыр.

Іс-шараға белгілі әдебиеттанушылар мен ғалымдар, шетелдік дипломатия өкілдері, жоғары оқу орындары мен ғылыми мекемелердің басшылары, БАҚ өкілдері қатысты.

Ағылшын тілінде Түркияның астанасы Анкарада жарық көрген «The Wisdom of the Great Steppe – Abai Kunanbaiuly» ұжымдық монографиясы - шетелдік қауымға қазақтың бас ақыны Абай мен оның мұрасын жан-жақты танытуды мақсат еткен өз жанрындағы баламасыз ғылыми басылым. Кітапта отандық және шетелдік ғалымдардың ұлы ойшыл ақынның заманы, туып-өскен ортасы мен өмірі, ұлт зиялыларына ықпалы, әдеби мұрасы мен мектебі, шығармаларының қолжазбасы мен тілдік ерекшеліктері, діни көзқарасы мен тарихи дүниетанымы, философиясы мен данышпандығы, абайтану саласындағы өзге де өзекті мәселелер жан-жақты қамтылыпты.

«Абай - Қазақстанның ғана емес түбі бір түркі дүниесінің, тіпті бүкіл әлемнің ортақ рухани тұлғаларының бірі. Себебі, Абайдың ілімі, Абайдың шығармашылығы - жалпы түрік халқына ортақ рухани, әдеби, мәдени құндылықтардың дәстүрлі жалғасы. Сондықтан, мейлі Түркияда болсын, басқа да түркі мемлекеттінде өткен Абай тануға байланысты іс-шараларға ерекше көңіл бөліп келеміз. Өйткені біз Абайды тану арқылы бауырлас екі елдің арасындағы рухани байланысты одан әрі арттыра түсеміз», - дейді Қазақстан Республикасындағы Түркияның Төтенше және өкілетті елшісі Уфук Экіджі.

Екітомдық «Абай Құнанбайұлы: сипаттамалы библиографиялық көрсеткіші» – 1889 жылы баспасөзде Абай туралы шыққан алғашқы мақаладан бастап, 175 жылдық мерейтойы өткен 2020 жылға дейінгі барлық жарияланымдарды мүмкіндігінше толық қамтыған ғылыми басылым. Аталмыш библиографиялық көрсеткішке Абай шығармалары мен абайтану саласындағы кітаптар, монографиялар, оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдар, библиографиялық материалдар, диссертациялар (кандидаттық, докторлық және PhD), газет пен журнал мақалалары, тағы да басқа жарияланымдарды қамтыған ұзын саны 12 мыңнан астам дерек енгізілген.

Бірінші томда қазақ және шет тілдеріндегі Абай шығармалары мен абайтану бойынша 1069 басылымға ғылыми сипаттама жазылған. Соның ішінде, Абайдың өмірі мен шығармашылығы, өнер түрлеріндегі көркемдік бейнесі, абайтану саласының қалыптасуы мен дамуына, зерттелу деңгейіне қатысты түрлі салада қорғалған 105 кандидаттық, докторлық және PhD диссертацияның сипаттамасы беріледі. Екінші томға отандық және шетел газет-журналдары мен ғылыми конференция материалдарында Абай және абайтануға қатысты түрлі тақырыптарда жарық көрген 10,5 мыңнан астам мақаланың, академик-жазушы М. Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының барлық тілдегі басылымдарының толық тізімі кірген.


Соңғы жаңалықтар
telegram