Астанада «Абай және Пушкин» атты шығармашылық кеш өтті
Оны «Кәусар» мәдени-танымдық ұйымының жетекшісі Кенжеғали Мыржықбай А.Пушкиннің туған күніне орай ұйымдастырды. Айта кетейік, бүгін орыстың ұлы ақынының туғанына 215 жыл толып отыр.
Классикалық жанрдағы музыканың сүйемелдеуімен өткен кеште өнертану профессоры Кенжеғали Мыржықбай Абай мен Пушкиннің сөздеріне жазылған қазақ және орыс сазгерлерінің вокалдық шығармаларын орындады. Көрермендер назарына Абайдың «Көзімнің қарасы», «Айттым сәлем, Қаламқас», Римский-Корсаковтың «На холмах Грузии» шығармасы, Г.Свиридовтың «Роняет лес баграяный свой убор» мен «Подъезжай под Ижоры», Б.Шереметьевтің «Я вас любил» туындысы, А.Даргомыжскийдің «Юноша и дева» әндері ұсынылды.
Шығармашылық кештің мақсаты - қазіргіжас ұрпақты ұлы ақындар Абай мен Пушкиннің шығармашылығымен таныстыру, олардың санасына бұл шығармалардың тағылымын сіңіру болды.
Кешке зиялы қауым өкілдері, соғыс және еңбек ардагерлері, қала тұрғындары мен қонақтары шақырылды.