Астанада «Абайдың ән әлемі» атты мерекелік шара өтуде

Шара зиялы қауым өкілдерінің Абай ескерткішіне гүл қою рәсімімен басталды. Сонымен қатар, Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының әртістері Абайдың өмірінен дайындалған қойылымды көрсетті. Осыдан кейін Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, өнертану профессоры Кенжеғали Мыржықбайдың «Қайран жұртым», «Өлсе дағы табиғат адам өлмес», «Қараңғы түнде тау қалғып» (үш тілде), «Айттым сәлем,Қаламқас», Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Жанат Шыбықбайдың «Көзімнің қарасы», Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Гүлзира Бөкейханның «Татьянаның әні», сондай-ақ қазақтың дәстүрлі әндерін нақышына келтіре айтып жүрген танымал әнші Ерлан Рысқалидің орындауларында «Сегіз аяқ», «Бойы бұлғаң» сияқты Абайдың танымал әндері шырқалды.
Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасы бұл шара Абайдың сан қилы мұрасын насихаттау, алуан тақырыптағы әндері арқылы суреткердің эстетикалық әлемін таныту мақсатында ұйымдастырылып отырғандығын мәлім етті.