Астанада Әбіш Кекілбайұлының 70 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиын өтеді
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазақ әдебиетінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан кемеңгер жазушының мерейтойы қарсаңында өткелі тұрған өнер кешінде қоғам қайраткерлері Әбіш Кекілбайұлының шығармашылық жолы туралы ойларын ортаға салады. Еліміздің танымал әншілері сахнаның сәнін келтіріп, ән шырқайды.
Әбіш Кекілбайұлы 1939 жылы желтоқсанның 6-сында Маңғыстау облысындағы Оңды ауылында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Еңбек жолын қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып бастаған. 1968-1970 жылдары Отан алдындағы әскери борышын өтеген.
"Қазақ әдебиеті", "Лениншіл жас" газеттерінде еңбек еткен. "Қазақфильм" киностудиясының коллегиясының бас редакторы болды. 1975 жылдан бастап Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің инструкторы, сектор меңгерушісі қызметін атқарды. 1984-1986 жылдары Мәдениет министрінің орынбасары болды. 1986-1989 жылдары Қазақстанның Жазушылар одағының екінші хатшысы, Қазақ тарихи және мәдени ескерткіштердің қорғау қоғамының басшысы қызметтерін атқарды.
1989-1990 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің ұлтаралық қатынастары бөлімінің меңгерушісі болды. 1992-1993 жылдары - "Егемен Қазақстан" газетінің бас редакторы.
1993-1994 жылдары Қазақстан Республикасының мемлекеттік кеңесшісі болды. 1994-1995 жылдары Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесінің төрағасы қызметін атқарды.
1995 жылы - Қазақстан Республикасының мемлекеттік кеңесшісі, 1996 жылы ҚР Парламенті Мәжілісінің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы болды. 1996-2002 жылдары - Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы, 2002 жылдан - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты.