Астанада «Әбу-Даби Плаза» кешеніндегі өртті бағалау үшін тікұшақты пайдалануда
АСТАНА. ҚазАқпарат - Салынып жатқан «Әбу-Даби Плаза» кешеніндегі өрттің тарауын және ғимараттағы жағдайды жоғарыдан байқап, оған баға беру үшін Еврокоптер 145 ҚР СІМ ТЖК «Қазавиақұтқару» АҚ тікұшағы жұмылдырылды.
Бұл туралы ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Руслан Иманқұлов хабарлады.
Еске сала кетейік, «Әбу-Даби Плаза» көпсалалы кешенінде шыққан өрт салдарынан құтқарушылар 120 жұмысшыны қауіпсіз жерге шығарды. Өрт сағат 08:25-те ауыздықталды. Оқиға орнына ІІМ генерал-полковнигі Қ.Қасымов және министрдің орынбасары В. Божко келді.
Руслан Иманқұловтың айтуынша, бүгін сағат 4:40-та кезекші бөлімге «Abu Dabi Plaza» кешеніндегі өрт туралы хабар түскен. Хабарлама түскеннен кейін 10 минут ішінде өрт сөндіру қызметі оқиға орнына жетті. Төрт жауынгерлік учаске құрылды, оның екеуі - бұл 40 өрт сөндіруші ғимараттың ішінде тілсіз жаумен арпалысып жатыр. Өрт сөндірушілер 120 жұмысшыны қауіпсіз жерге шығарды. Жапа шеккендер жоқ.
Оның сөзіне қарағанда, жалынмен күреске биік ғимараттардағы өртті сөндіруге арналған техника тартылды. Тілсіз жауды ауыздықтауға 78 өрт сөндіруші мен 27 өрт сөндіру техникасы және Астана қалалық ІІД 12 техникасы мен 24 адамы жұмылдырылды. Өрт сөндірушілер келгенше 11 қабаттан 25 қабатқа дейін өртеніп жатты.
«Подъезд жолдары болмағандықтан жалынмен арпалысу қиын соқты. Алдын ала мәлімет бойынша, өрт газ баллондардың жарылуынан шыққан. Жалынның шығу себептері анықталып жатыр. Нысандағы өрт қауіпсіздігін «НикаСтройСервис» ЖШС қамтамасыз еткен, - делінген хабарламада.
«Әбу-Даби Плаза» - Астана қаласында салынып жатқан түрлі қабатты бірнеше ғимараттан тұратын көпсалалы кешен.
Іргесі қаланған соң «Әбу-Даби Плаза» Қазақстан мен Орталық Азиядағы ең биік ғимарат болмақ. Мұнараның ұшы 88-ші қабатта болады - бұл шамамен 382 метр биіктікте.

