Астанада әкімдік аппараты тұрғындарға ақпараттық күн өткізді
ТАНА. 22 қазан. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Астанада Есіл ауданы әкімінің аппараты «Право» Қоғамдық қорымен бірлесе отырып, бүгін «Азия парк» сауда орталығында «Мамандар кеңесі» атты ақпараттық күнін өткізді.
«Бұл арнайы халық үшін жасалып отыр. Олар ешбір жерде кезекте тұрмай-ақ, сауда орталығында жүріп әр түрлі бейіндегі мамандардың кеңестерін ала алады», - дейді Есіл ауданы әкімдігінің Әлеуметтік сала және кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы Жамал Әбікенова.
Оның айтуынша, бұл шара Есіл ауданында дәстүрлі түрде соңғы 3 жыл қатарынан ұйымдастырылып келеді. «Біз осы сынды «Әйел және құқық», «Балалар және құқық», «Адам және құқық», «Қарттар және құқық» атты шараларды, көшпелі бюроларды өткіздік. Бүгінгі шарада халықтың барлық тап өкілдеріне арнап Астана қаласындағы Денсаулық сақтау, Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, Тұрғын үй, Әділет басқарамаларының мамандары және мүмкіндігі шектеулі азаматтарды сауықтыру, қоғамдық ұйым өкілдері мен заңгер мамандары кеңестер береді», - деп атап өтті ол.
Әрбір маман келушілердің есебін жасап, сауалдарға талдау жүргізеді. Қорытындылары әкім аппаратына жолданады.
«Тұрғындар тарапынан сауалдар әдетте заңгерлерге, Тұрғын үй және Денсаулық сақтау басқармаларына қойылады. Мысалы соңғы көшпелі бюро барысында 50-ден астам адамға пайдалы кеңестер берілді», - деді Ж. Әбікенова.