Астанада Ақкөл балалар үйі тәрбиеленушілерінің суреттері қойылған «Мен таныған әлем - жасампаз өмір» атты көрме-жәрмеңке ашылды

СТАНА. Наурыздың 11-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Ақмола облысындағы Ақкөл балалар үйі тәрбиеленушілерінің суреттері қойылған «Мен таныған әлем - жасампаз өмір» атты көрме-жәрмеңке ашылды,

Астанада Ақкөл балалар үйі тәрбиеленушілерінің суреттері қойылған «Мен таныған әлем - жасампаз өмір» атты көрме-жәрмеңке ашылды

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Вернисаж ҚР Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясының стипендиаттары қауымдастығының бастамасымен ұйымдастырылды. Қолдау білдіргендер - «Құланшы» Арт орталығы және «Статойл Норс Каспиэн АС» норвегиялық компаниясының Қазақстандағы филиалы.

«Болашақ» Қауымдастығы Кеңесінің төрағасы Бауыржан Байбектің айтуынша, Қауымдастық осыдан екі жыл бұрын Ақкөл балалар үйін өзінің қамқорлығына алған.

«Бүгінгі күні Қазақстанда 6 мыңға жуық бала тәрбиеленіп жатқан 50-ден астам балалар үйі бар. Мемлекеттің қолдауымен көптеген жастар «Болашақ» бағдарламасы бойынша әлемнің ең үздік жоғары оқу орындарында білім алу мүмкіндігіне ие болды. Өз кезегінде болашақтықтар ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға жан-жақты көмек көрсетуі тиіс деп білемін. Бүгінгі акция көмекке зәру жандарға көпшіліктің назарын аударту болып табылады. Себебі еліміздің әрбір азаматы сапалы білім алуға құқылы», - дейді ол.

Көрме-жәрмеңкеге 14 баланың 60-тан астам туындысы қойылды. Олардың бағасы 6-15 мың теңге аралығында сатылуда. Б.Байбектің сөзіне қарағанда, суреттердің бірнешеуі сатылып та үлгерді. Әрбір сурет өзінше ерекше, оларда балалардың әлемге деген өзіндік көзқарастары, ішкі дүниелерінің толғаныстары мен көңіл-күйлері жатыр.

Жас суретшілердің жастары 11-17 жас аралығында. Алғаш өткізіліп отырған аталмыш іс-шараға олар жіті дайындалған. Белгілі қылқалам шебері Лейла Махаттың бірнеше шеберлік-сабақтарын алған. Л.Махаттың айтуынша, көрмеге қатысушы әрбір жас өзінше талантты. Қазіргі уақытта суретшілердің ерекше назарына іліккен 17 жастағы Эдик Федченконы Астанадағы Өнер академиясына түсіру мәселесі шешіліп жатыр.

Суретшінің өзі болса, сурет салумен 4-5 жасынан бастап айналысқанын айтады. Ол көбіне адамдар мен табиғаттың әсем кездерін қағаз бетіне түсіргенді ұнатады. Оның «Теңіздегі күннің батуы», «Күн көзінің суық батуы» және басқа да, барлығы 15-ке жуық туындысы бар.

Іс-шара алдағы сәуір айының 1-іне дейін жалғасады.