Астанада ақтөбелік мүсінші Марат Ғабдырахмановтың көрмесі ашылды (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның ұлттық мұражайында қазақстандық мүсінші, ҚР Суретшілер одағының мүшесі Марат Ғабдырахманов жұмыстарының жеке көрмесі ашылды.
Экспозиция Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған. Оған қазақ халқының мәдениетін, тұрмысын, тарихын бейнелейтін суретшінің 48 шығармасы қойылған.
Автор мүсіндік өнердің шағын түрлері жанрында қазақ халқы жанының қылын шертіп, фиософиялық ой түйеді. «Бүгін көрмеде мен көрермендерге ең үздік туындыларымды ұсындым. Олар лайықты бағаланады деп ойлаймын», - деді вернисажда М.Ғабдырахманов.
М.Ғабдырахманов - республиканың талантты мүсіншілерінің бірі, ол 26 жасында арнайы білімі болмаса да Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі болды (1996 ж.). Үш жылдан кейін ғана жас мүсінші Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің бейнелеу өнері бөлімін бітіріп шығады. Шамамен сол кезде ол екі жылдан астам уақыт Нью-Йорктің «Pratt» өнер институтында тағлымдамадан өтті, ал 1998 жылы БҰҰ-да өзінің шығармалары көрмесін ұйымдастырды.
М.Ғабдырамановтың шығармалары Ақтөбе мұражайларында ғана емес, АҚШ, Германия, Франция және Қытай азаматтарының жеке коллекцияларында сақталған.
Ол Батыс Қазақстан облысында өткен «Жазира Жайық - 2011» халықаралық көрмесіне қатысушы. Оның «Көшпелілер» атты жеке көрмесі Ақтау және Атырау қалаларында өтті. 2015 жылы Қазақстан хандығының 550 жылдығын мерекелеу аясында Ақтөбеде дәнекерлеу мүсін өнері бойынша симпозиум ұйымдастырды.
Ақтөбелік мүсіншінің Астанадағы көрмесі 2016 жылғы 24 қаңтарға дейін жалғасады.