Астанада ақылы автотұрақтардың кірісінің тек 5% ғана бюджетке түседі – Қоғамдық кеңес

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елорданың қоғамдық кеңесі қала әкімдігінің 2015 жылғы 21 қазандағы №108-1875 «Қала аумағында коммуналдық ақылы автотұрақтарды (паркингтерді) пайдалану қағидаларын бекіту туралы» қаулысына түзетулер енгізілген жобасын мақұлдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін сіздердің алдарыңызда екі мәселені көтергіміз келіп отыр. Бірінші «мүгедек» атауын «мүгедек азамат», ал «мүгедек балалар» атауын «мүгедектігі бар балалар» деп өзгерту. Екінші, Чернобыль апатын жоюға қатысқан ардагерлерден оларды азаматтардың жеңілдетілген санаттарының қатарына қосу туралы өтініш келіп түсті. Осы орайда автотұрақтарды пайдалану ережелеріне түзету енгізу керек», - деді Астана қаласының көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы басшысының орынбасары Ержан Диханбаев қоғамдық кеңес отырысында.

Елорданың қоғамдық кеңес өкілдері ақылы автұрақтар бойынша ескерту жасады.

«2017 жылдың басында «Астананың тұрақ кеңістігі» ЖШС қалада ақылы тұрақ кеңістігін құру, пайдалану және басқару туралы мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы бойынша бастама көтерді. Логикалық тұрғыдан алғанда, аталған жоба көлік құралдарын автотұраққа қою ережелерін бұзушылар санын азайту, сондай-ақ автотұрақтарға сұраныс жоғары жерлерде ұзақ уақытқа қалдыратын көліктер санын азайту болатын. Іс жүзінде жағдай керісінше қалыптасты. Ақылы автотұрақтар көлік құралдарын тұраққа қою ережелерін бұзуға түрткі болады», - деді қоғамдық кеңес мүшесі Василий Петрущак.

Оның айтуынша, балабақшалар орналасқан және басқа да автотұрақтарға сұраныс жоғары жерлерде, паркоматтар орнатылған болса кезек, кептеліске айналады. Сонымен қатар, автұрақ алаңдарын тазалаумен әртүрлі бизнес нысандарының қызметкерлері айналысады.

Сондай-ақ, В.Петрущак ақылы автотұрақтар төлемдерінің 95% компанияға, тек тек 5% ғана бюджетке түсетінін айтты.

«Корпоративтік табыс бюджетке төленбейді. Жалпы, қала тұрғындары мен кәсіпкерлер ақылы автотұрақтардың ыңғайсыз екенін айтады. Атап айтқанда, үйлердің тұрғындары түскі асқа келгенде, көліктерін аулаға қоя алмайды, олар көлікті автотұрақтарда қалдырып, ол үшін ақша төлеуге мәжбүр», - дейді ол.

Өз кезегінде «Астананың тұрақ кеңістігі» ЖШС өкілі бірқатар дәйектерді алға тартты. Сондай-ақ компания салықты толық көлемде төлейтінетінін мәлімдеді.

Елорданың ақылы автотұрақ мәселесін талқылай келе кеңес мүшелері түзетулер жобасын мақұлдады. Сонымен қатар салаға қатысты мәселелерді зерделеу үшін комиссия құрамына көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының өкілін қосу ұсынылды.


Соңғы жаңалықтар