Астанада ақылы көлік тұрақтарының салығы 10 есе қымбаттамақ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада ақылы көлік тұрақтарына салынатын салық бір шаршы метрі үшін 19,30 теңгеден 193 теңгеге дейін, яғни 10 есе қымбаттайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Елорда инфо сайтына сілтеме жасап.
Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Бақтыбай Тайталиев қалалық мәслихат депутаттарының қарауына көлік тұрақтары мен паркингтер үшін бөлінген жерлерге базалық салық мөлшерлемесін бекіту мәселесін енгізді.
«Көлік тұрақтарының келесі категорияларын орнату ұсынылып отыр: бірінші категория - көлік құралдарын ақылы негізде сақтау қызметін көрсетуге арналған паркингтер, екінші категория - тегін паркингтер, үшінші категория - айып тұрақтары. Негізгі салық мөлшерлемесін 10 есе өсіру тек бірінші санат, яғни ақылы көлік тұрақтары үшін қарастырылып отыр. Мөлшерлеме бір шаршы метр үшін 193 теңгені құрамақ. Екінші және үшінші категориялар үшін салықтың негізгі мөлшерлемесі өзгеріссіз, яғни бір шаршы метр үшін 19,30 теңге көлемінде қала береді», - деп мәлім етті басқарма басшысы.
Айта кетейік, бұған дейін салық мөлшерлемелері 2014 жылы бекітілген болатын.