Астанада ақылы тұрақ орындары белгіленді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Үстіміздегі жылдың ІІ тоқсанында «Астананың тұрақ кеңістігін басқару» жобасын енгізу жоспарланған. Қазіргі кезде орталық көшелер мен даңғылдарда 9 мыңға жуық тұрақ орнын қамтитын 259 тұрақ орны белгіленді, деп хабарлады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінен.
«Тұран, Қабанбай батыр, Сарыарқа, Республика, Жеңіс, Бөгенбай батыр даңғылдары мен Достық, Әуезов, Желтоқсан, Кенесары, Сығанақ, Сейфуллин, Бөкейхан, Түркістан, Бейбітшілік, Сарайшық және т.б. көшелердегі тұрақтар ақылы болады.
«Астананың тұрақ кеңістігін басқару» жобасы екі аймақтан тұратын болады. Бірінші аймаққа Республика даңғылы - Бөгенбай батыр даңғылы - Сарыарқа даңғылы- Есіл өзенінің жағалауы шегінде орналасқан тұрақтар жатады. Екінші аймақ Орынбор - Сарайшық - Тұран - Сығанақ көшелерінде орналасқан тұрақтарды қамтиды», - делінген хабарламада.
Қалалық әкімдіктің хабарлауынша, тұрақ орындары жетпеген жағдайда күрделі көп деңгейлі паркингтер салу, сондай-ақ, автоматтандырылған тұрақтар жасау көзделген. Астананың бірыңғай тұрақ кеңістігін құру көше-жол желісіне түсетін жүктемені азайтып, жаяу жүргіншілердің, қоғамдық көліктер мен автомобильдердің қозғалысын жеңілдетеді.