Астанада ақын Жеңіс Қашқыновтың туғанына 75 жыл толуына арналған әдеби-сазды еске алу кеші өтеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада белгілі ақын, қазақ балалар әдебиетінің негізін салушылардың бірі, журналист, «Ерен еңбегі үшін» медалінің, Журналистер Одағыны сыйлығының иегері, аудармашы, ұлттық радиожурналистиканы дамытуға еңбек сіңірген тұлға Жеңіс Қашқыновтың 75 жылдығына орай «Ерттеп міндім өлеңнің дүлдүл атын» атты әдеби-сазды еске алу кеші өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Тағылымды шараға елімізге белгілі ақын-жазушылар мен ғалымдар Төлен Әбдік, Серік Тұрғынбекұлы, Несіпбек Айтов, Көпен Әмірбек, Тұрсын Жұртбай, Серік Негимов және тағы басқа зиялы қауым өкілдері қатысады.
Мерейлі кеш аясында Жеңіс Қашқыновтың «Тағзым» жыр жинағының тұсауы кесіледі. «Алыптар мен арыстар», «Туған жерге ту тіктім», «Төрттағандар мен егіз шумақтар», «Дастандар» атты 4 тараудан тұратын кітапқа ақынның бұрын жарық көрмеген өлеңдері қоса енгізілген. Жаңа жыр жинағы «Профи-Медиа» баспасының демеушілігімен жарыққа шықты.
Осыған дейін ақынның артында қалған мол мұрасының арасында сақталып келген белгілі сазгер Темірәлі Бақтыгереев әнін жазған Әлихан Бөкейхан, Әлімхан Ермеков, Жақын Ақбаевтың рухына арнап шығарылған «Үш арыс», сонымен бірге сазын Ескендір Хасанғалиев жазған «Ақтоғайым - алтыным» әндері өнерсүйер қауым назарына алғаш рет ұсынылады.
Кеш ертең, 3 наурыз күні сағат 16-00-де ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының «Мәжіліс» залында өтеді.