Астанада Алаш автономиясының 100 жылдығына орай халықаралық конференция өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - 10 қараша күні Елордадағы ЭКСПО Конгресс орталығында Алаш автономиясының 100 жылдығына арналған «Рухани жаңғыру: Алаш және азаттық идеясының сабақтастығы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі ҚР БҒМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
None
None

Халықаралық жиынға танымал қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары, Қазақстанның барлық өңірлерінен және алыс-жақын шет елдерден келген алаштанушы ғалымдар мен тарихшылар, ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдері қатысады. Елбасының тапсырмаларын іске асыру аясында ұйымдастырылған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция Алаш автономиясының ғасырлық мерейтойына орай жыл басынан бері еліміздің барлық аймақтарында өткізілген түрлі деңгейдегі іс-шаралардың ең ауқымдысы болмақ.

«Конференция Пленарлық мәжіліс отырысынан басталып, «1917 жылғы Ресей төңкерістері және Алашорда», «Алашорда саяси тұғырнамасының жаңашыл идеялары: дамуы мен іске асуы» атты  секциялық басқосуларға ұласады. Онда ғалымдар тарапынан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында тарихи мұраттар сабақтастығы зерделеніп, Алаш қозғалысы мүшелерінің азаттық жолындағы күресі мен ұлттық бірегейлік жолындағы еңбектеріне тарихи баға берілмек», - деп хабарланды ҚР БҒМ баспасөз қызметінен.

Жиын соңында Алаш арыстарын ұлықтау, олардың мұраларын зерттеуді жүйелеп, Алаш мұраттарын ұрпақ санасына сіңіру мәселелері көрініс тапқан қарар қабылданбақ.

Соңғы жаңалықтар