Астанада «Алаш көсемсөзі» атты 10 томдықтың алғашқы 4 томының тұсаукесері өтті
АСТАНА. 24 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында әзірленіп жатқан «Алаш көсемсөзі» атты 10 томдықтың алғашқы 4 томының тұсаукесері өтті.
Алаш әдебиеті, тарихы, саяси көзқарасы біраз зерттелгенін атап өткен Журналистика мәселелерін зерттеу институтының директоры Намазалы Омашевтің айтуынша, алаштың публицистикасы, көсемсөзі осыған дейін үлкен еңбек болып жарыққа шықпаған. Яғни алаш баспасөзі журналисткалық тұрғыдан зерттелмеген еді. Ал бұл еңбек сол олқылықтың орнын толтыратын сүбелі жинақ болып отыр.
«1-2-том кезінде Ташкентте жарық көрген «Шолпан» журналына, ал 3-4-том Германияда, Францияда жарық көріп тұрған «Жас Түркістан журналына арналды». Бұл екеуі де бұрын жарық көрмеген. Тіпті «Жас Түркістанның» тұпнұсқасы қазір Қазақстан аумағында да жоқ», - деді жоба жетекшісі әрі жалпы редакциясын басқарған Н.Омашев.
Оның атап өтуінше, «Жас Түркістан» журналының М.Шоқай 10 томдық етіп жинаған түпнұсқасы Франциядағы мұражайда сақталған. Кейін ол қайтыс болғаннан кейін мұражай аталған еңбекті сатылымға шығарып, Американың Колумбия университетінің иелігіне өткен.
Шағатай тілінде жарық көрген «Жас Түркістан» журналының оқырмандары тек Еуропа мен Түркияда ғана емес, сонымен қатар Иран, Ауғанстан, Қытай, Жапония, Сирия, Арабстанда да болған. Ал араб қарпімен 1922-1923 жылдары жарық көрген «Шолпан» журналында алаштың ұлтжанды азаматтары, қоғам қайраткерлері Н.Төреқұлов, С.Қожанов, Т.Рысқұлов, О.Жандосов, М.Дулатов, Ш.Құдайбердиев, М.Жұмабаев, М.Әуезов. С.Сейфуллиндер қалам тартқан.