Астанада алдағы күндері қандай мәдени шаралар өтеді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтан қаласының мәдени ошақтары алдағы демалыс күндері қала тұрғындары мен қонақтарына арнап премьералық қойылымдар, 8 Наурыз мерекесі қарсаңында концерттер, көрмелер мен экскурсиялар өткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Астанада алдағы күндері қандай мәдени шаралар өтеді

Атап айтқанда, «М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры» сахнасында 6-7 наурыз күндері сағат 18:00-де В.Шукшиннің әңгімелері бойынша «Светлые думы» қойылымының премьерасы өтеді.

«Наз» мемлекеттік би театры 5 наурыз күні сағат 18:00-де халықаралық әйелдер мерекесіне орай «Сыйынар ем Ана деген тәңірге!» тақырыбында концерт өткізеді.

«Сәкен Сейфуллин мұражайы» 5 наурыз күні Әлихан Бөкейхановтың туғанына 155 жыл толуына орай «Ұлт көсемі – Әлихан Бөкейханов» атты онлайн-дәріс ұйымдастырады. Дәрісті Instagram желісіндегі Seifullin_museum және bizbirgemiz парақшаларынан көруге болады.

Мемлекеттік академиялық филармония 6 наурыз күні «Жұлдыз болғың келсе» атты концертіне шақырса, 7 наурызда «Жан Анам» атты концертін қояды.

Өз кезегінде «Қуыршақ театры» 5 наурыз күні сағат 14:00-де, 16:00-де Т. Хасанғалиеваның «Ана құдыреті» ертегісін жұртшылық назарына ұсынса, 6 наурыз күні 12:00, 14:00, 16:00 уақытында Р. Киплингтің «Маугли» шығармасын орындайды.

«Бейбітшілік және келісім сарайы» бірқатар іс-шаралар кешенін өткізеді. Нақтырақ тоқталсақ, 6 наурызға дейін күнделікті 09:30-18:00 аралығында «Туған жер» атты балалар мен жасөспірімдер студиясының хореография, хор, актерлік шеберлік сабақтары ұйымдастырылады. Сондай-ақ 7 наурызға дейін 10:00-18:00 аралығында күнделікті елорда тұрғындары мен қонақтары үшін экскурсиялар болады. Сол сияқты дәл осы аралықта «Жаңа көзқарас» атты қазақстандық бейнелеу өнерінің көрмесі ұйымдастырылады. 6 наурыз күні Almaty Symphony Orchestra ұжымының музыкалық директоры Ержан Құлыбаевтың қатысуымен «ВИРТУОЗДАР» концерті болады.

«Тәуелсіздік сарайы» да бірқатар көрме өткізеді: 2-7 наурыз күндері 10:00-18:00 аралығында «Елорда бейнесі» көркемөнер, «Нұр-Сұлтан қаласына сыйлықтар», «Uly Dala Juregi» көрмелері, сондай-ақ экскурсиялар жоспарланған.

«Бәйтерек» ғимаратында да қала жұртшылығын экскурсиялар күтіп тұр.

«Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» ғимаратында 5 наурыз күні сағат 12:00-де «О, әйел, сенен басқа сұлу жоқ!..», «Әйел бейнесі, әдемі бейне», ал 7 наурызда «Әйел-Ана, Әйел-Өмір, Әйел-Жыр!» атты іс-шара ұйымдастырылады.

«АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешені» 5 наурыз күні «Алаш қозғалысының көсемі Әлихан Бөкейханов» атты онлайн көрме өткізеді. Көрмені мына парақшалардан көруге болады. Facebook: Музей АЛЖИР; Instagram: museumalzhir; Youtube: Museum ALZHIR Astana.

«Nomad City Hall» сахнасында 6-7 наурыз күндері сағат 17:00-де Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрының мерекелік сый тартуы және «Қош, махаббат» спектаклі болады.

«Жастар театры» 6-7 наурыз күндері С.Дүйсенбиевтің «Махаббат миниатюралары» атты театрландырылған концертін ұсынады.

Айта кетейік, аталған іс-шаралардың барлығы санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып өткізіледі.