Астанада Александр Зацепиннің шығармашылық кеші өтеді
АСТАНА. 24 қазан. ҚазАқпарат - 16 қарашада Астанада «Қазақстан» орталық концерт залында кеңестік кино әртісі, аты аңызға айналған Александр Зацепиннің «Надо мной небо синее...» шығармашылық кеші өтеді. Бұл туралы astana.kz сайтына ұйымдастырушылар хабарлады.
Қазақстандық эстрада жұлдыздары Астанада Александр Зацепиннің әндерін орындайды. Атап айтқанда, Әлібек Дінішев, Бибігүл Төлегенова, Роза Рымбаева, Нұрлан Абдуллин, Бауыржан Исаев, Байғали Серкебаев, Сағынай Абдуллин, Мадина Сәдуақасова. Сондай-ақ, Болат Сыздықов, Жанар Доғалова, Қайрат Байкенов, Маржан Арапбаева, Диана Шарапова, «Jazz Sound» вокалдық квинтеті, «Мьюзикола», «Кешью» топтары және т.б. Ұйымдастырушылар кеш қонақтарына және Александр Зацепинге тосын сый әзірлеген.
Александр Зацепин «Земля Санникова», «31 июня», «Женщина, которая поёт», «Душа» фильмдеріне музыка жазған. Бүгінгі таңда Зацепиннің Леонид Гайдайдың «Операция «Ы» и другие приключения Шурика», «Кавказская пленница», «Бриллиантовая рука», «Двенадцать стульев», «Иван Васильевич меняет профессию» комедияларына жазған әндері кеңінен танымал. «Есть только миг», «Куда уходит детство», «Так же, как все» және басқа да көптеген шығармалары хитке айналды. Ол шығармашылық жолын «Қазақфильм» киностудиясынан бастап, «Наш милый доктор» және «Тақиялы періште» фильмдеріне ән шығарған. «Наш милый доктор» фильміндегі «Надо мной небо синее...» әні композитордың жолын ашып, ол алғаш рет Мәскеуге барады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, Александр Зацепиннің концерті елордадағы жарқын әрі ауқымды іс-шара болмақ. Сахнада ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері Александр Абылаевтың жетекшілігімен «Астана» эстрадалық-симфониялық оркестрі, дирижер Александр Беляков өнер көрсетеді.
Александр Зацепин әртістерге қолдау көрсетіп, кеш қонақтарына көптеген сый жасайды. Айта кетейік, кешке «Тақиялы періште» фильмінде Тайлақтың рөлін сомдаған Әлімғазы Райымбеков те шақырылды, ал оның келуінің мақсатын көрермендер концертте ғана білетін болады. Билеттер 1 қарашадан бастап сатылады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, билеттің құны қолжетімді болады.