Астанада «Әлем бояулары» флеш-мобына 800 бала қатысты
Бұл туралы astana.kz сайтына шара барысында мәлім болды.Флеш-мобқа Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған 800 бала қатысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, соның ішінде 300-і мүмкіндігі шектеулі бала болса, 500-і фестивальға қатысушыларға қолдау көрсеткен елордалық студенттер мен оқушылар.
«Әлемде осы сияқты флеш-моб өткізілген емес. Былтыр да осындай шара ұйымдастырылған болатын. Оған 600 адам қатысқан, ал биыл рекорд орнатқымыз келді, ойымыз іске асты. Флеш-мобтың мақсаты қоғам назарын ерекше балаларға аудару. Бәрі оларды «мүмкіндігі шектеулі жандар» деп атауды әдетке айналдырған, ал меніңше, бұл - «мүмкіндігі ерекше жандар». Өйткені біздің балалар ештеңеден де шектеліп отырған жоқ. Олар бақытты, өте дарынды», - деді шараның қоюшы режиссері Бақытжан Тажинов.
Аталған шара тоғызыншы рет өткізілген жыл сайынғы «Жұлдызай» фестивалі аясында ұйымдастырылды. Бүгінде бұл - мүмкіндігі шектеулі балалар шығармашылығына арналған жалғыз фестиваль.
«Фестиваль 7 аталым бойынша өткізілді: вокал, аспапта орындау, ыммен өлең айту, хореография, бейнелеу және қолданбалы өнер және «Әлем мейірімділігі» әлеуметтік ролигі», - деді «Жұлдызай» корпоративтік қорының директоры Гүлхан Исабаева.
«Мұнда мүмкіндігі шектеулі балалар өздерінің қабілеттіліктерін іске асыруға көп күш жұмсайды, өздерінің шығармашылықтағы, музыкадағы және өнердегі дарындылығын паш ету мүмкіндігіне ие болады. Жыл сайын фестивальға қатысушылар барша Қазақстаннан жиналады», - дейді ұйымдастырушылар.
Фестивальдің жабылуы мен жеңімпаздарды марапаттау рәсімі 1маусымда «Қазақстан» орталық концерт залында сағат 15.00-де «Жұлдызай-2014» гала-концертінде өтеді.