Астанада «Әлемді өзгертетін идеялар» жобасының алғашқы қатысушылары арнайы сертификаттарға ие болды (ФОТО)
Астанада 9-10 сынып оқушылары мен 1-2 курс студенттері бірнеше күн бойы «Ұлт Жоспары - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бес институционалдық реформасын жүзеге асырудың 100 нақты қадамы» курсынан өткен болатын.
Сертификаттар мен естелік сыйлықтарды мектеп оқушыларына ҚР Президенті Кеңсесінің басшысы - «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының кітапханасы» ММ директоры міндетін атқарушы Махмұт Қасымбеков тапсырды.
Астана қаласы мектептері 9-10 сыныптарының 50 оқушысы екі күн бойы отандық белгілі ғалымдар, ғылым докторлары, профессорлар өткізген семинар-тренингке қатысып, «Кәсіби мемлекеттік аппарат құру», «Заңның үстемдігін қамтамасыз ету», «Индустриаландыру және экономикалық өсім», «Біртұтас болашақ ұлты», «Есеп беретін мемлекетті қалыптастыру» тақырыптарында авторлық дәрістер курсын оқыды.
«Мемлекет деңгейіндегі көптеген іс-шаралар қалай іске асып жатыр, мұндай реформалар кімдер үшін керек, осыны оқушылар, студенттер, жас балалар қалай біледі екен деген ойменен біздер осы кітапхананың мүмкіндігін пайдаланып, Қазақстан бойынша семинар-тренингтер өткізуді жоспарладық. Бұл шараға Қазақстанның бүкіл аймақтарындағы мектеп оқушылары келетін болады. Ылғи оқу озаттары мен алдыңғы қатарлы, белсенді балаларды жинаймыз. Онымен қоса, барлық жоғары оқу орындарының 1-2 курсының студенттерін осында шақырып отырмыз. Ондағы біздің мақсат - Елбасымыздың құрып отырған Жоспарын сіздерге түсіндіру», - деп атап өтті М.Қасымбеков.
«Әлемді өзгертетін идеялар» білім беру жобасы Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың бес институционалдық реформасын жүзеге асыруға арналған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын, жаһандық бастамалары мен концептуалдық идеяларын зерттеуге бағытталған. Екі күндік семинар 2016 жылдың шілдесіне дейін жүргізіледі. Осы аралықта 3 мыңнан астам оқу озаттары тренингтер өтпек.