Астанада әлемдік дағдарыстың сабақтарына арналған кітап жарыққа шықты

АСТАНА. 18 қаңтар. ҚазАқпарат /Жасұлан Жолдыбаев/ - Бүгін Астанадағы Назарбаев университетінде экономика ғылымдарының докторы, профессор Арыстан Есентүгеловтың «Құбылмалы әлемде елді өркендету стратегиясы. Әлемдік дағдарыстан алынған ғибрат және қазақстандық экономиканы жаңғырту» атты кітабының тұсаукесері өтті.

Астанада әлемдік дағдарыстың сабақтарына арналған кітап жарыққа шықты

«Бұл кітап әлемдік дағдарыстың сабақтарына арналған. Біз үшін дағдарыстың шығу себептері мен әлемдік экономиканың онымен күресудің қандай әдістерін қолданды, оның Қазақстанға әсері мен факторлары, ел үкіметінің қолға алған шаралардың қаншалықты тиімді болғаны қызықтырды. Бұның барлығын саралау қажет болды. Ол экономикамыздың әлі талай бастан кешіретін осындай дағдарыстарда қолдану үшін керек», - дейді профессор.  

Басылымның басты ерекшелігі - елдің нақты экономикалық тәжірибесі негізінде ой түю, әлемдік дағдарыс әсеріне тойтарыс берудің тиімді жолдарын ұсыну.    

Автор әлемдік құбылыстарды немесе үкімет жұмысын жиынтық түрде тізбектеп жазумен ғана шектеліп қоймаған. Ол мәселенің түп-төркінін іздеуге тырысқан. Талқылап қана қоймай, проблеманың шешу жолдарын және онымен күресудің тәсілдерін тізбектеген.  

Оның айтуынша, Қазақстан дағдарыс жағдайында жоғары технологияларды дамытып, сыртқы нарықтағы өзінің ықпалын арттыруы тиіс.

«Бұл кітапта әлемдік шақыруларға жауап беретін жаһандық стратегия принциптері ұсынылған. Ол бойынша Қазақстанның дамуына ашық экономика, инновация және еркін кәсіпкерлік қажет», - деп түйіндеді сөзін профессор.       

«Экономикалық зерттеу институты» АҚ-ның құрметті президенті, «Ұлттық талдамалық орталық» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі А. Есентүгелов 200-ден астам кітаптар мен мақалалардың, ғылыми еңбектердің авторы.