Астанада әлеуметтік қызмет көрсетудің тұрақты стратегиялары туралы республикалық конференция болады
АЛМАТЫ. 31 мамыр. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Астанада 13-14 маусым күндері «Әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар мен халықтың осал тобындағы балалар мен жастар үшін әлеуметтік қызмет көрсетудің тұрақты стратегиялары» деп аталатын республикалық конференция өтеді.
Оны «Бота» қайрымдылық қоры ұйымдастырғалы отыр. Конферецияның басты мақсаты - әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардағы балалар мен жастардың денсаулығы, білімі мен өмір сапасын жақсартуға бағытталған бағдарламаларды жүзеге асыру арқылы қолдау. Осы бағыттағы барлық мүдделі тараптармен ынтымақтасу арқылы ортақ пәтуаға келіп, жоспарларды, стратегияларды және ұсыныстарды талқылау.
Конференция жұмысына Білім мен ғылым, Денсаулық сақтау, Ішкі істер, Әділет, Байланыс және ақпарат, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің, үкіметтік емес ұйымдардың, халықаралық ұйымдардың өкілдері, халықаралық және ұлттық сарапшылар қатыспақ.