17:24, 15 Ақпан 2016 | GMT +5
Астанада әлеуметтік желілердің көмегімен қазақ тілін үйренушілер саны артты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында қазақ тілін оқыту бойынша курстар басталды. Биыл тыңдаушылар саны 1500-ден асты, деп хабарлады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінен.

Қалалық Тілдерді дамыту басқармасының хабарлауынша, биыл тегін курстар туралы ақпарат бұқаралық ақпарат құралдарынан басқа, әлеуметтік желілер арқылы таратылған. Бұл тілді үйренем деушілер санын өткен жылдармен салыстырғанда айтарлықтай арттыруға ықпал еткен.
Тілді меңгеруге мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйым қызметкерлері, этномәдени бірлестіктердің өкілдері мен т.б. ниет білдірген. Олардың басым бөлігін жастар құрайды. Білікті мамандар өткізетін сабақтар аптасына екі рет «Іскер» оқу орталығында өтеді.
Айта кетейік, қазақ тілін оқыту бойынша тегін курстар жыл соңына дейін жалғасады.