Астанада әлеуметтік көмек пен төлемдер жүйесі қалай өзгереді
АСТАНА. KAZINFORM – Астанада әлеуметтік көмек көрсету жүйесін бірыңғай стандартқа көшіру мәселесі қаралды. Бұл туралы Астана қаласы мәслихатының сегізінші шақырылымының кезекті сессиясында қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Ерлан Жүсіпов баяндады.
Оның айтуынша, бастама әлеуметтік төлемдердің түрлерін, мерзімдерін және мөлшерін біріздендіруге бағытталған. Бұл мемлекеттік қолдау шараларының ашықтығы мен атаулылығын арттыруға мүмкіндік береді.
– Әлеуметтік көмектің жекелеген түрлерін біріктіру және оларды республика аумағында ұсынудың бірыңғай тәсілдерін қалыптастыру әлеуметтік қолдау жүйесінің ашықтығын арттыруға, мемлекеттік қолдау шараларының әділ әрі атаулы бөлінуін қамтамасыз етуге, сондай-ақ азаматтардың тұрғылықты жеріне қарамастан мемлекеттік көмекке тең қол жеткізуіне мүмкіндік береді, – деді Ерлан Жүсіпов.
Ол аталған жұмыс Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің тапсырмасы аясында жүргізіліп жатқанын және әлеуметтік көмек көрсету тетіктерін жетілдіруге бағытталғанын атап өтті.
Бастама аясында қолданыстағы әлеуметтік қолдау шараларын бірыңғай форматқа келтіру, қайталанатын төлемдерді алып тастау және бюджет қаражатын бөлудің тиімділігін арттыру көзделген.
Сонымен қатар ұсынылып отырған өзгерістер қала бюджетіне түсетін жүктемені азайтуға және әсіресе елордаға көші-қон ағынының артуы жағдайында әлеуметтік шығыстарды жоспарлау тиімділігін жақсартуға мүмкіндік беретіні айтылды.
Мәслихат депутаттары аталған ұсынысты қолдап, тиісті шешім қабылдады.
Айта кетейік, әлеуметтік кепілдіктер енді кәсіби тәуекел деңгейіне байланысты беріледі.