Астанада әлеуметтік маңызы бар азық-түлікті қай жерден арзан алуға болады

АСТАНА. KAZINFORM – Елордадағы 190-нан астам сауда нүктесінде бағаны тұрақтандыру тетігі аясында жеткізілетін азық-түлік тауарлары нарықтағыдан төмен бағамен сатылып жатыр. Бұл туралы Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Жаңабаев мәлімдеді.

1 600 тоннадан астам азық-түлік: Астанада үш облыстың жәрмеңкесі өтіп жатыр
Фото: Астана әкімдігі

Басқарма мәліметінше, аталған өнімдер Magnum, Small, «Фермаг», «Вкусмарт», «Анвар» сауда желілерінде, «Шапағат» пен «Көктал» базарларында сатылады.

– Бүгінде 18 мың тоннадан астам азық-түлік жеткізуге келісімшарт жасалған. Өнімдер елордадағы 190-нан астам ірі сауда нүктесінде нарықтағыдан төмен, белгіленген бағамен сатылып жатыр, – деді Мақсат Жаңабаев Астана қаласының Коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында.

Оның айтуынша, азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге қарыз беріліп, өнім жеткізу жөнінде алдын ала келісімшарт жасалады.

Осы тетік аясында Түркістан, Ақмола, Қызылорда, Жамбыл, Қостанай және Ақтөбе облыстарындағы көкөніс, ет, сүт және бакалея өнімдерін өндірушілермен келісім жасалған.

11 қарашадағы жағдай бойынша Астанада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының индексі 101,2 пайызды, республика бойынша 102 пайызды құраған.

Былтыр бұл көрсеткіш елордада 107,4 пайыз, республика бойынша 108,6 пайыз болған. Ал 2024 жылы тиісінше 98,9 және 101,4 пайызды құраған.

Басқарма өкілінің сөзінше, азық-түлік бағасын тежеу үшін отандық өндірушілерді қолдауға, өнімді тікелей жеткізуге және делдалдар санын азайтуға басымдық беріліп отыр.

Еске салайық, Премьер-министр Олжас Бектенов азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін өнімді тікелей жеткізу көлемін ұлғайтуды тапсырған еді.