Астанада алғаш исламдық қаржыландыру және бизнес форумы өтіп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгінде елорда төріне исламдық қаржыландыру саласының мамандары мен бизнес өкілдері жиналды.

Астанада алғаш исламдық қаржыландыру және бизнес форумы өтіп жатыр
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

- Форум аясында исламдық қаржыландырудың одан әрі дамуы, исламдық финтех, ислам экономикасындағы маркетинг және әйелдер көшбасшылығы сияқты мәселелер талқыланады. Жалпы, форумның ерекшелігі – Орталық Азия мен ТМД елдеріндегі исламдық қаржы және бизнес саласындағы ықпалды әйелдерді марапаттау салтанаты. Қазір Қазақстанда үш ислам банкі жұмыс істейді. Олардың екеуі – қазақстандық ислам банкі, олар: ADCB Islamic және Zaman Islamic Bank, сондай-ақ Астана халықаралық қаржы орталығының Аль-Сафи банкі, - деді Исламдық қаржы және бизнес қауымдастығының төрағасы, Астана халықаралық қаржы орталығының ислам қаржы бағыты бойынша жетекшісі Мәдина Тукулова.

ислам банк
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Сондай-ақ бүгінгі іс-шара барысында исламдық қаржы индустриясының дамуына ықпал ететін бірқатар меморандумға қол қою жоспарланып отыр. 

банк ислам
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

- Атап айтқанда, Астана халықаралық қаржы орталығы мен Қазақстан-Нигерия іскерлік кеңесін таныстыратын компания арасында меморандумға қол қойылады. Бұл меморандум нигериялық исламдық қаржы компанияларын Қазақстан нарығына тартуға бағытталған. Сонымен қатар Исламдық қаржы және бизнес қауымдастығы мен Исламдық құрылысшылар қауымдастығы арасында тұрғын үй құрылысы саласындағы исламдық қаржыландыру мәселелерін дамыту мақсатында меморандумға қол қойылады. Сондай-ақ исламдық қаржыландыру саласындағы комплаенс мәселелерін және исламдық қаржының дамуын ілгерілету мақсатында Compliance Hub ұйымымен меморандумға қол қойылады. Одан бөлек, Астана халықаралық қаржы орталығы қатысушылары, ITS халықаралық платформасы және зекет қоры арасында ауқымды меморандумға қол қойылады, - дейді ол.

адамдар
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Форумның алғашқы сессиясы Орталық Азия және әлемде исламдық қаржының даму перспективаларына арналды. Спикерлер исламдық банкингті енгізу тәжірибесімен бөлісіп, халықаралық ынтымақтастық мәселелерін талқылап жатыр.

- Жалпы Қазақстанда исламдық қаржыландыру жоғары деңгейде дамып келеді. Бізде бірнеше исламдық қаржы институты жұмыс істейді, заңнамалық база қалыптасқан және қазір жаңа исламдық қаржы құралдарын дамытуда үлкен серпін байқалып отыр. Өткен жылы Қазақстанда алғаш рет корпоративтік қатысушылар үшін исламдық бағалы қағаздары шығарылды. Қазақстанда және Астана халықаралық қаржы орталығы аумағында алғашқы исламдық инвестициялық қор құрылды. Орталық Азия елдерімен салыстырғанда, бізде тәжірибе бар және бөлісе аламыз. Мысалы, Қырғызстанда исламдық қаржыландыру бойынша заңнама бар, ал Өзбекстанда исламдық банкингті дамытуға қатысты заңнама қабылдау жоспарланып отыр, - дейді М.Тукулова.

жастар
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Айта кетейік, форумды Исламдық қаржы және бизнес қауымдастығы TIDAM агенттігімен бірлесіп, Астана халықаралық қаржы орталығының қолдауымен ұйымдастырып отыр. Оған 200-ден астам адам қатысты.

2019 жылы IFSB бас хатшысы Қазақстанда исламдық қаржыландыру мүмкіндігіне баға берген еді. 

Соңғы жаңалықтар