Астанада алғаш рет «Әміре» драмасы саxналанады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының әртістері Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай көрерменнің назарына кезекті жаңа премьерасын ұсынбақшы. Театр ұжымы желтоқсанның 6-сы күні Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында "Әміре" драмасын алғаш рет саxнаға шығарады, деп xабарлайды.
«Әміренің суреткерлік шеберлігі мен өміріндегі құпиялары жайындағы драматург Рахымжан Отарбаевтың туындысы, режиссер Нұрлан Жұманиязовтың қолтаңбасымен үйлесіп сахна атты киелі әлемге жол тартпақ", - делінген театрдың ресми xабарламасында. Аталған премьера драматург Р.Отарбаев пен режиссер Н. Жұманиязовтың Қаллеки сахнасындағы бірлескен екінші жұмыстары болмақ. Бұған дейін олар «Нашақорлар жайлы новелла» пьесасының желісі бойынша «Көлеңкесіз жолаушы» атты драманы қойған. Енді, осыдан бір ғасыр бұрын Парижде өткен ЭКСПО көрмесінде қазақтың атын шығарған Әміре Қашаубаевтың өмірі мен шығармашылығына арнап спектакль қойғалы отыр.
"1925 жылы Парижде өткен Бүкіләдемдік "ЭКСПО" көрмесіне қатысқан тұңғыш қазақ тағдырына арналған туындының табиғатында тобыр мен тұлғаның, өмір мен өнердің, аманат пен қиянат ұғымдарының қақтығысы бедер алады. Кейіс дүниеден береке таппаған Әміренің - Ән-Әміреге айналып өнер көгінен үн қатқаны баяндалады" , - дейді ұйымдастырушылар. Спектакльдің бас кейіпкері - Әміренің бейнесін театр артистері Қасымxан Бұғыбай мен Асылбек Қапаев сомдайды.
Пьеса авторы - жазушы, драматург Рахымжан Отарбаев. Спектакльдің қоюшы режиссері - ҚР еңбек сіңірген қайраткері, режиссер - Нұрлан Жұманиязов. Спектакльдің бас суретшісі - Берік Бурбаев. Хормейстері - ҚР еңбек сіңірген қайраткері Амантай Жұмашев.