Астанада алғаш рет аспапты музыка фестивалі өтеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - 29 шілдеде Астанада «Бәйтерек» монументінің алдындағы алаңда алғаш рет «Ready.Set.Loud!» аспапты музыка фестивалі өтеді, деп хабарлайды Астана қаласының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының баспасөз қызметі.
Тыңдармандар назарына түрлі жанрларды біріктірген және қазақстандық музыканың жаңа толқынындағы композициялар ұсынылады.
Фестивальге қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде музыканы ерлер мен әйелдер вокалымен инди-рок, этно-джаз, альтернативті рок стилінде орындайтын қазіргі заманғы қазақстандық Existan, Nar, Celestial Whales, Far In Gate және Molto Loud топтары қатысады.
Фестиваль бағдарламасының шымылдығы DJ сетпен ашылады, және кеш барысында кәсіпқой жүргізушілер көрермендермен байланысты үзбей түрлі ұтыстар мен музыкалыық байқаулар ұйымдастырып отырады. Қатысушылар үшін бас жүлде екі электрогитара болмақ.